Атырауда сауда орындарында ұсақ шабақтар сатылған
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Атырау балық инспекциясы мен балық шаруашылығы бөлімдерінің мамандары 7-8 желтоқсан күндері БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілерде өндірістік бағытта аулауға рұқсат етілмеген ұсақ қара балық тұқымдас шабақтардың орталық сауда орындарында сатылып жатқаны туралы ақпараттың жариялануына байланысты ішкі істер бөлімінің полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргізді.
Рейд барысында Атырау қаласындағы орталық базарлардағы сатушылардан қара балық тұқымдас – көксерке, қаракөз, мөңке, қылышбалық, табан, сазан сияқты балық түрлері анықталды. Өлшеу нәтижесінде кейбір балықтардың көлемінің аулауға жән сатуға рұқсат берілген белгіленген көрсеткіштен кіші екені анықталды. Сатушыларға мұндай шабақтарды сатуға заңмен тыйым салынғаны жөнінде түсіндірме берілді. Әуесқой балық аулау ережесіне сәйкес балықтардың рұқсат етілген мөлшері туралы толық ақпарат айтылды.
Атырау қаласының балықшылары мен әуесқой балық аулаушыларына Жайықтың су маржандарын сақтау қажеттігін қаперге береміз. Бұл үшін ұсақ балықтарды ауламай, олардың табиғи жолмен көбеюіне мүмкіндік берілуге тиіс.
Асылбек НҰРМҰХАНОВ,
Атырау балық инспекциясы бөлімінің басшысы