Атырауда сарбаз аналар клубы ашылды
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Алтын шаңырақ» аналар кеңесінің бастамасымен 5546 әскери бөлімінде сарбаз аналар клубы ашылды.
«Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары Кенжеқыз Мұсағалиева әскерилер мен офицерлерді қарсы алып, Қазақстан халқы Ассамблеясының аналар кеңесі елдің барлық өңірінде жұмыс істейтін, ҚХА негізгі құрылымдарының бірі екенін атап айтты.
«Әскери бөлімде сарбаз аналар клубының ашылуы, ең алдымен, мерзімді әскери қызметшілерге қиын жағдайлардан шығуға көмектесу үшін жасалды. Сонымен қатар әскери қызметшілерге қолайлы жағдай жасауға жәрдемдеседі», — деді К.Мұсағалиева.
Оның айтуынша, аналар клубы тек мерзімді қызметтегі сарбаздарды ғана емес, жаңадан гарнизонға келген офицерлердің отбасыларын да қолдайды.
Аталмыш клуб болашақ Отан қорғаушыларды дайындайтын «Сармат» интернаттық үлгідегі мамандандырылған мектеп-лицейінде де ашылған.
Символикалық лентаны кесу рәсімі 5546 әскери бөлімінің командирі, подполковник Ерлан Ипатов пен «Алтын шаңырақ» аналар кеңесінің төрайымы Жанар Әбішке тапсырылды.
Әскери бөлім командирінің сөзінше, тек мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін ғана емес, сонымен қатар тәрбиеші офицерлерге, бөлімше командирлеріне де қолдау көрсетіледі. Қазіргі уақытта әскерде психологтар жұмыс істейді, олар күнделікті сарбаздармен әңгімелеседі. Айына екі рет әскери полиция қызметкерлерді дене тексеруін өткізеді, сондай-ақ ата-аналармен бейнеқоңыраулар қарастырылған. Сонымен қатар, 16 әйел әскери қызметкер кіретін әйелдер кеңесі бар. Егер психолог сарбаздың тұрақсыз психологиялық жағдайын, алаңдаушылығын байқаса, оған әйел әскери қызметшілердің біреуі куратор ретінде бекітіледі.
Жайна МӘЛІМҚОЖА