Атырауда салонына 6 жолаушы мінгізген бірнеше таксист ұсталды
Atr.kz/10 тамыз,2020 жыл. Атырау облысында салонына 6 жолаушы мінгізген такси жүргізушілері ұсталды, — деп хабарлайды Атырау облысы ПД баспасөз қызметі.
5-7 тамызда «Такси» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілген. Патрульдік полиция қызметкерлері Көліктік бақылау инспекциясының өкілдерімен бірге республикалық маңызы бар тас жолдарда жол қозғалысы ережелерін бұзған 316 деректі анықтаған.
«Оның ішінде жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзған — 53, міндетті техникалық байқаудан өтпеген — 3, көлік құралын басқарған кезде телефон пайдаланған — 2, қауіпсіздік белдігін тақпаған — 4, бағдаршамның тыйым салу сигналына өткен — 2, көлік құралын басқару құқығы жоқ 2 жүргізуші анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің баптарына сәйкес хаттамалар толтырылды. Ал, екі көлік айыппұл тұрағына қойылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, «Атырау-Орал» тас жолының 62-шақырымында «Honda Odyssey», «Атырау-Астрахань» тас жолында «Toyota Alphard», «Доссор-Құлсары» жолының бойында «Toyota» көліктері тоқтатылған. Бұл көліктердің жүргізушілері карантин режимінің талаптарын бұзып, әрқайсысы көлік салонына 6 жолаушыдан отырғызған. Оларға қатысты жинақталған құжаттар тиісті шешім қабылдау үшін Атырау қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Дереккөз: inform.kz