Атырауда республикалық қолөнершілер фестивалі өтеді
Атырау қаласының Сұлтан Бейбарыс алаңында 11-12 қазан күндері «Шебер – FEST 2024» атты республикалық қолөнершілер фестивалі өтеді. Жошы Ұлысының 800 жылдығына орай ұйымдастырылатын өнер додасы Атырау облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен жүзеге асырылады. Фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20-дан астам қолөнер шебері қатысады деп күтілуде. Бұл туралы аталған басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.
Фестивальдің басты мақсаты — халықтық қолөнер мен ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау, жас ұрпаққа мәдени мұраны жеткізу. Қатысушылардың арасында ұста, зергер, ағаш шеберлері және ұлттық киім тігу мен тоқыма ісінің шеберлері болады. Шеберлер өздерінің ерекше жұмыстарын ұсынып, шеберлік сабақтарын өткізеді.
Сонымен қатар, фестиваль аясында ұлттық ойындар, қой көтеру, садақ ату және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Іс-шараға келгендер Н.Жантөририн атындағы облыстық филармония әншілері Ғазиза Мұстафина мен Бақытбек Сисенғалиевтің өнерін тамашалай алады.
Бұл фестиваль ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеп, қолөнершілердің еңбегін қолдауға арналған маңызды фестиваль болады деп күтілуде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА