Атырауда қызылшаға қарсы екпенің 22 мың дозасы бар
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов мәлім етті.
— 2023 жылдың 2 наурыз — 25 сәуір аралығында қызылшаға күдікті 16 жағдай тіркелді. Оның ішінде 6 жағдай зертханалық жолмен дәлелденген. 2 жағдай шет елден келген (Түркия,Тәжікстан) тұрғындардан кездессе, қалғаны Атырау облысынан. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдарға медициналық бақылау орнатылды. Бүгінде санитариялық-эпидемологиялық тексеру жалғасуда, — деді М.Танауов.
Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев қызылша ауруы балалар арасында көбейіп жатқанын айтты. Ауру жұқтырғандардың 9-ы 18 жасқа дейінгі балалар, араларында оқушылар да бар. Қызылша ауруын жұқтырған Жаңаталап ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектебінде күнделікті дизенфекция мен желдету жұмыстары жүргізілуде.
Мамандар тұрғындарды екпе алып, аурудың алдын алуға шақырды. Бүгінде өңірде қызылша ауруына қарсы 22 мың доза екпе бар.
— Аурудың басты белгілері — дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрын, көз, тамақ қабынуы. Ал бөртпелердің пайда болуы диагнозды толық дәлелдейді. Ауа-тамшы арқылы берілетін бұл вирус балалар арасында көп кездеседі. Қазіргі таңда 6 науқас №2 Атырау облыстық ауруханасында тиісті емін алуда. Сондықтан дер кезінде екпе алып, инфекциялық аурулардан қорғанайық, — деді Қ.Абдалиев.