
Атырауда қытайлық компаниямен бірлескен жобалар талқыланды
Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен қытайлық Eurasia Construction Capital компаниясының өкілдері арасында ресми кездесу өтті. Жиында Атырау қаласының оң жағалауындағы дренаждық арнаны қайта жаңғырту және сарқынды суларды кешенді пайдалану арқылы шөлейттенудің алдын алу жобалары қаралды, — деп хабарлайды Өңірлік коммцникациялар қызметі.
⁃ Бүгін өңірде технологиялық инновациялар индустриялық аймағын құру бастамасы таныстырылды. Бұл қадам заманауи экологиялық шешімдерді енгізу мен Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған. Бас қосудың негізгі себебі — қаланың инфрақұрылымын жоғарғы деңгейге көтеру, - деді М. Мурзиев.
Кездесуге Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, сондай-ақ “Kazakh Invest” ұлттық компаниясының өңірлік өкілдігі, “Атырау” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Су арнасы кәсіпорнының өкілдері қатысты. Ал Қытайдан келген делегация құрамында компанияның басшылығы, инженерлік және инвестициялық сала мамандары, сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану мен инфрақұрылымды дамытуға жауапты сарапшылар болды.

Жиын барысында Атырау облысында өндірістік нысандар салуға бағытталған бірлескен жобалар талқыланып, оларды жүзеге асыру үшін қажетті жер телімдері ұсынылғаны атап өтілді. Жобалар іске асқан жағдайда өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, инвестициялық белсенділік артады деп күтілуде.
Тараптар аталған бастамалардың тиімді әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылуына мүдделі екендерін жеткізді.