АТЫРАУДА ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛҒАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АЗАЙҒАН
Atr.kz/21 қазан, 2020 жыл. «Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссиясының отырысы өтті» деп хабарлайды облыстық Білім беру басқармасының баспасөз-қызметі.
Жиында полиция органдарында есепте тұрған балалармен жүргізілген жұмыс, медициналық-әлеуметтік есепке алуды ұйымдастыру мәселесі айтылды. Сондай-ақ жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына жасалған жұмыстар талқыланды.
Бүгінде өңірдің мектеп оқушылары арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып, рейдтік шаралар жүргізілуде. Соның нәтижесінде биыл қылмыстық жауапкершілікке тартылған оқушылар саны төмендеген. Бұл туралы есеп беру барысында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова мәлім етті.
- Өткен жылдың тоғыз айында кәмелетке толмаған 74 бала қылмыс жасаса, биыл аталған мерзімде 57 бала қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Яғни, осы жылы қылмыс жасаған жасөспірімдер саны 23 пайызға түскен. Сонымен қатар, 2020 жылдың 9 айы бойынша полиция бөлімдерінің есебіне кәмелетке толмаған 90 бала, оның ішінде 68 мектеп оқушысы, 22 колледж студенті алынған 2019 жылы аналогиялық мерзімде бұл сан 127 болатын. Бұл көрсеткіштерден кәмелетке толмағандар арасына құқық бұзушылықтың едәуір төмендегенін байқаймыз, — деді өзі баяндамасында Айнагүл Дүйсекенова.
Өз кезегінде, облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова жауапты мамандарға жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың салдары бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырып, балалар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.