
Атырауда Қазақстан халқының бірлігі күні атап өтілді (+фоторепортаж)
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – еліміздегі түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіретін, бейбітшілік пен келісімнің, достық пен татулықтың жарқын белгісі болып саналатын мерейлі мереке.
Бірегей күнге орай «Бейбарыс сұлтан» алаңында «Бірлігіміз жарасқан» атты шара өтті.

Шымылдығы хореографиялық композициямен түрілген концерт түрлі этнос өкілдерінің салтанатты шеруіне ұласты.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов бұл күннің маңызына тоқталып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

-Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Ассамблея ұлттық татулық пен қоғамдық келісімнің берік арнасына айналып, ел дамуының ажырамас бөлшегіне, тұрақтылықтың темірқазығына айналды. Облысымызда сан түрлі этнос өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп, туған жердің өркендеуіне үлес қосып келеді. Бұл — біздің мақтанышымыз, берекелі бірлігіміздің айғағы. «Береке бастауы — бірлік, ырыс алды — ынтымақ» деген дана халқымыздың сөзін ұстана отырып, ұлтымыздың ұйытқысы болып, ел арасындағы татулық пен тұрақтылықты сақтау — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Ортақ Отанымыздың көк байрағы әрқашан биікте желбіреп, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!-деді Д.Шамұратов.

Салтанатты шара РФ Астрахан облысы Құрманғазы атындағы мәдениет орталығының «Сарыарқа» этно-фольклорлық ансамблі мен өңірдегі этномәдени орталықтардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.












Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ