Атырауда қауіпті вирустың «1 А» санаты бойынша алты адам оқшауланды
Atr.kz/17 наурыз, 2020 жыл. Атырау аймағында коронавирус инфекциясына қатысты 1 А санаты бойынша оқшауланғандар саны алтыға жетті.
Олар провизорлық стационарда 14 күн бойы медициналық бақылауда болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды.
-Аталмыш дерттің елімізде одан әрі таралуына жол бермеу қажет. Осы мақсатта аймақта жан-жақты біріккен шаралар жалғасуда. Қазіргі уақытта облыстық №2 ауруханада үш адам дәрігерлік бақылауға алынды. Олар – Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан табылған науқастармен қарым-қатынаста болған азаматтар. Осы орайда орын алып жатқан жағдайларды сабырлықпен қабылдауға шақырамыз. Бұл ретте әрбір азамат өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дерттің алдын алуға баса мән беруі тиіс. Күніне екі рет дене қызуын өлшеп, жеке гигиенаны қатаң сақтауы тиіс. Бөлменің ауасын тазартып, желдетіп отырған жөн. Қолды сабынмен жиі-жиі жуу керек. Адам көп шоғырланған орындарға бармауды тағы да қаперге береміз, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов.
Сондай-ақ, брифингте журналистердің сауалы бойынша жуырда Ресейдің Самара қаласынан келген азаматтың Индер ауданында медициналық тексеріске алынғаны белгілі болды. Бұдан басқа, жуырда АҚШ-тан келген Атырау параволейбол командасы үшінші санат бойынша ел шекарасынан өткен күннен бастап 24 күн бойы тұрғылықты жері бойынша қоңырау шалу арқылы медициналық бақылауға алынғаны айтылды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА