Атырауда қауіпті су қоймаларында 28 адам көз жұмған
Бұл туралы брифинг барысында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы, майор Бақыт Абланов айтты, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
– Мәселен, биыл қауіпті су қоймаларында 28 тұрғын ажал құшты. Оның ішінде, 10 бала бар.
Мәселен, Атырау қаласында 17, Индер ауданында 10, Махамбетте 19, Құрманғазыда 2, Жылыойда 7 және Қызылқоғада 15 қауіпті су қоймасы бар.
Бұл жерлердің бәрінде төтенше жағдайдың алдын алу үшін түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Балық аулауға шығатын тұрғындардың арасында суға бату деректері тыйылмай тұр.
Ал, аң аулаушылар көп жағдайда орман өртінің тұтануына себепші болып жатады. Атырау қаласы, Жылыой мен Құрманғазы аудандарында жедел құтқару қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс жасайды, — деді ол.
Сондай-ақ, спикер соңғы кезде балалардың терезеден құлау дерегі азаймай тұрғанын айтып, ата-аналарды мұқият болуға шақырды.