Атырауда қатты аяз салдарынан екі адамды үсік шалды
АПТА БАСЫНДАҒЫ ҚАТТЫ АЯЗ САЛДАРЫНАН ДЕНЕЛЕРІН ҮСІК ШАЛЫП, ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНГЕН АТЫРАУЛЫҚТАР БАР. БҰЛ ТУРАЛЫ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ ХАБАРЛАДЫ.
Сақылдаған саршұнақ аяз еліміздің өзге де өңірлері секілді, мұнайлы өңір тұрғындарының да денсаулығына зақым келтіріп, біраз әуре-сарсаңға салды. 9 қаңтарда облыстық аурухананың қабылдау бөліміне келген 1974 жылғы азаматқа дәрігерлер толық тексеру нәтижесінде «екі қолының саусақтары үсіген» деп диагноз қойған.
– Науқас №2 хирургия бөлімшесіне ем алуға жатқызылды. Содан бері консервативті ем қабылдап жатқан науқас динамикалық бақылауға алынды. Демаркациялық шекара анықталғаннан кейін ота жасау көлемі белгілі болады, — деді аурухананың баспасөз хатшысы Балауса Қасымова.
Оның айтуынша, ауруханаға 10 қаңтар күні отыз бес жастағы тағы бір қала тұрғыны оң жақ қолының үш, сол жақ қолының екі саусағы үсіп кетті деген шағыммен келген. Науқасты дәрігерлер тексеріп, ем тағайындап, үсік шалу деңгейіне байланысты тұрғылықты қалалық емханаға жолдаған.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА