Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Атырауда Қасым ханға ескерткіш орнатылады

Atr.kz/19 қараша, 2019 жыл. Сарайшық қалашығының маңында Қасым ханға монументалды ескерткіш орнатылады. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған.

Айта кетерлігі, Премьер-Министрге ресми сауал жолдаған депутаттар Сарайшық қалашығына арналған Үкіметтің арнайы кешенді шешім қабылдауын сұраған болатын.

Аталған сауалға жауап берген Үкімет басшысы «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы» РМҚК қызметін қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 52,2 млн теңге қарастырылғанын айтады.

Сондай-ақ, музей-қорық көрсетілетін ақылы қызметтен түскен табысты белгіленген тәртіппен қызметті дамытуға пайдаланады. Сарайшық қалашығын консервациялау мен қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 58 млн теңге және музей-қорықтың қызметін қамтамасыз етуге 163,1 млн теңге қарастырылды.

Мұнан бөлек, Мәдениет және спорт министрлігіне 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде музей-қорықтың материалдық техникалық базасының мәселелерін қосымша қарау тапсырылды.

«2020 жылы республикалық деңгейде Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу жоспарланып отыр. Осыған байланысты 2020 жылға арналған тиісті жоспар жобасы әзірленді. 2019 жылғы 10-11 қазанда музей-қорықта Түркия, Ресей, Қытай, Германия елдерінің отандық және шетелдік ғалымдарының қатысуымен «Жошы ұлысы және Сарайшық-Қазақ мемлекеттілігінің бастауында» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Осы іс-шара аясында Музей-қорықтың виртуалды нұсқасы таныстырылды. Келесі жылы музей-қорықта Керуен сарайдың, ортағасырлық Сарайшық қалашығы цитаделінің қақпасын қалпына келтіру және Сарайшық қалашығының маңында Қасым ханға монументалды ескерткіш орнату сияқты іс-шаралар өткізу жоспарлануда», — деп атап өтеді Үкімет башысы.

А.Маминнің айтынша, қазіргі уақытта ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуге ғылыми-жобалау құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ, 2020 жылы ортағасырлық Сарайшық қалашығының қорғау аймақтарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button