Атырауда қашықтан оқитын оқушылар компьютерлік техникалармен қамтылады
Atr.kz / 17 шілде, 2020 жыл. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен селекторлық жиында айтылды.
Алқалы жиынға, аудан әкімі орынбасарлары мен жоғары оқу орындарының ректорлары, колледж директорлары және «Қазақтелеком» АҚ-ның басшылығы қатысты. Олар, жаңа 2020-2021 оқу жылына дайындық барысын пысықтады.
Бұл ретте, жиын төрағасы Бақытгүл Хаменова қашықтан оқыту режимінде әр оқушының, әр мұғалімнің компьютерлік техникамен қамтылуын, интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету басты міндет екендігін алға тартты.
Осыған орай, жауаптыларға қажетті шараларды қолданып дайындық шараларын қарқынды жүргізуді тапсырды. Онлайн оқытуда шалғайдағы елді мекендерді интернет желісіне қосу, мектептердегі ғаламтор желісінің жылдамдығын және тарату нүктелерінің санын көбейту жұмыстарын «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе шешу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, үнемделген қаражатты есептей отырып, қажетті компьютерлік техникаларды сатып алып, бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыдан шыққан оқушыларға беруді тапсырды.
Айта кетейік, жалпы оқу орындарына 2013 жылдан бері компьютерлік техникалар көп көлемде алынбаған. Ал 2017-2019 жылдар аралығында аз көлемде әкелінген. Оның өзі стем, робототехника сынды арнайы кабинеттерге қойылды.
Енді, бүгінгі күннің талабына сай, қашықтан оқыту режимі енгізілгендіктен компьютерлердің санын арттыру алға қойылды. Осыған орай, ағымдағы жылдың мамыр айында демеушілер көмегімен 1310 компьютер сатып алынса, жаңа оқу жылына дейін тағы 3000 компьютер сатып алынады. Осылайша, техника тапшылығы шешіледі деп күтілуде.
«Атырау облыстық коммуникациялар қызметі»