Атырауда ПТР тест жүргізетін зертханалардың қуаттылығы тәулігіне 7000-ға жетті
«Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін беру кезінде айтты» деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
«Пандемия басталған алғашқы кезеңде өңірде тәуліктік қуаттылығы 350 зерттеуді құрайтын 2 ПТР зертхана болды. Қазір олардың саны 11-ге жетіп, қуаттылығы тәулігіне 7 мың зерттеуге дейін ұлғайды.
Дәрілік заттардың тұрақты қорын және дәріханалар желісінде олардың төмендемейтін қорын қалыптастырдық. Осы мақсатта «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Іңкәр» ЖШС-не 500 млн. теңге бөлініп, негізгі дәрілік заттардың 42 атауы сатып алынды. Қазір облыстың дәріханалар жүйесінде қажетті дәрі-дәрмектердің барлығы бар» деп атап өтті аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.
Еске сала кетелік, елімізде 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Атырау облысында 1000 доза негізінен медицина мамандарына салынды.
Атап өту керек, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов онлайн форматта есеп беруде. Әкім есебі «Каспиан ньюс», «Атырау» каналдарында тікелей эфирде, atyrau.gov.kz сайты және әкімдіктің әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында көрсетілуде.