Атырауда перинаталдық орталық басшысы күдікке ілінді
Atr.kz/3 қазан, 2019 жыл. Атырау облысының сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі қызметі сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген күдікпен «Атырау облыстық перинаталдық орталығы» ШЖҚ РМК басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Бұл туралы еліміздің сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі хабарлады. Ол «Атырау облысы бойынша сот-медициналық сараптама институты» РМҚ басшылығына босанған әйелдің қайтыс болу фактісі бойынша сараптаманың оң қорытындысын бергені үшін 300 мың теңге сомасында пара алды, деген күдікке ілініп отыр. Аталған лауазымды тұлғаның босанушы әйелдерден қолайлы жағдай жасау үшін бірнеше рет пара алуға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Бұдан бөлек, осы басшының лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, 1,5 млн. теңге сомасында демеушілік қаражатты өз қажеттіліктеріне (шетелде демалуға) қолдану күдігі бойынша тергеу жүргізілуде. Көрсетілген қаражат дәрігерлердің біліктілігін арттыруға шетелдік іссапар жолдамасын төлеу үшін жеке компанияның директорынан демеушілік көмек ретінде алынған. Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді оның кінәсінің деңгейін анықтау арқылы сот қабылдайтын болады.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»