Атырауда Отан қорғаушылар күні салтанатты жағдайда аталып өтті
Аtr.kz/7 мамыр, 2019 жыл. Мұнайлы өлкенің басшысы Нұрлан Ноғаев атыраулықтарды Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтады.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен салтанатты жиында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осыдан тура 27 жыл бұрын, 1992 жылғы 7 мамырда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Қарулы күштерін құру жөніндегі Жарлыққа қол қойғандығын еске салып өтті.
«Міне, сол уақыттан бері тәуелсіз мемлекетіміз аяғына нық тұрды. Ал, еліміздің мүдделерін әуеде, теңізде, суда, құрлықта қорғайтын Қарулы Күштеріміз қазіргі таңда қатарымызда отыр», — деген облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы ықылым заманнан бері қай мемлекетте де қауіпсіздік пен тыныштықты қорғайтын, шекарадан жау өткізбеуге күштік құрылымдар мүдделі болса, елдің тұрмыстық жағдайын жақсартып, дамытуға қоғам бар күш-жігерін арнайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, мерекелік шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Абай Тасболатов құттықтау лебіздерін арнап, ел батырларының ұлықталуы мен есімдерінің қайта жаңғыруы бағытында іске асып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.
– Өскелең ұрпағымыз, Отан қорғаушыларымыз шежіресі тарихымыз батыр бабаларымыз бар екендігін ешқашан естен шығармауы керек. Отан үшін талай майдангерлер өмірден өтті. Словения және Австрия елдеріндегі елшіміз Қайрат Сарыбайдың басшылығымен сонау Словения елінің елді мекенінде соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан қазақтың бейіті табылды. Ол Ұлттық қауіпсіздік саласында еңбек еткен офицер, Оңтүстік Қазақстан облысының азаматы Қасым Сабыров екендігі анықталды. Соғыс жылдарында ол фашистердің басып алған жерінде диверсиялық топқа басшылықтың тапсырмасымен әдейі жіберілген көрінеді. 1943 жылы ауыр жараланғандықтан, жергілікі Словения азаматтары оны ұрлап әкетіп, бірнеше күн емдеген екен. Алайда, сырқатынан айықпай, сол жерде көз жұмған, — деген Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов атыраулық батырға арналған ескерткіш Тургенев елді мекенінде орналасқанын тума-туыстары жақында ғана білгенін атап өтті.
Салтанатты жиында «Ұлттық ұлан» әскерлерінің Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония өнерпаздарымен бірлескен концерттік бағдарламасы ұсынылды. Әсіресе, көпшілік көңілінен шыққан «Офицер» әнін шараға қатысқан сарбаздар бірлесіп шырқады.
Айбөпе САБЫРОВА, Фото Ерлан АЛТЫБАЕВ