
Атырауда оқушылар арасында қаржылық сауаттылық олимпиадасы басталды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 85 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру – болашақ әл-ауқаттың маңызды факторы» атты облыстық олимпиада өз жұмысын бастады. Шараны университет пен Қаржылық мониторинг агенттігінің Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп өткізуде.

Олимпиадаға Атырау қаласы мен облысындағы жалпы білім беретін мектептердің 11-сынып оқушылары қатысуда. Шараның ашылуында Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Нұрлан Каримов сөз сөйлеп, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру – ел болашағы үшін маңызды екендігін атап өтті.
«Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Олимпиада жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді», – деді ол.
Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Шүкіров өз сөзінде аталмыш білім беру жобасы болашақта Қаржылық мониторинг агенттігіне жұмысқа орналасуға бағытталған арнайы бағдарламамен жалғасатынын жеткізді.
Екі кезеңнен тұратын олимпиада нәтижесінде жеңімпаздар университет гранттарымен марапатталады: І орын иегеріне – оқу ақысының — 100%, ІІ орынға – 50%, ІІІ орынға 30% көлемінде жеңілдік қарастырылған.
Олимпиада нәтижелері осы жылдың 2 маусымында жарияланады.
Еркеназ ҚАЛИЖАН