Атырауда музей ұжымы ұлттық тағамдарға арнап онлайн көрме ұйымдастырды
Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі 21 наурыз – Ұлттық тағамдар күніне орай қазақ халқының табақ тарту дәстүріне арналған «Ұмытылмаған ұлттық тағамдар» атты онлайн көрмесін ұйымдастырды.
Қазақта 200-ден астам ұлттық тағамдар болса, табақ тарту рәсімі өз алдына ерекше дәстүрі қалыптасқан жоралғы. Бас салуға арналған табақтан бастап, оны сыйлы қонаққа үлестірудің де өзіндік тәртібі қалыптасқан. Айталық, бас табақ, құдағи табақ, күйеу табақ, қыз табақ, бауыр табақ, орта табақ, келін табақ, жастар табағы, жай табақ т.с.с атаулары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жас буынның ұлттық құндылыққа деген сүйіспеншілігін жалғап келе жатыр.
— Біздің халқымыздың құрметті қонақтарға ұсынатын кәделі, әрі орны бөлек тағамдарының ең бастысы – қазақша ет немесе бешбармақ дейміз.
Қазақтар сыйлы қонақтарға мал басын көрсетіп, табақ-табақ ет тартқан. Табақ тарту да үлкен өнер. Осыған орай қой етін мүшелеп, жіліктеп, қай табаққа нені салу керек екендігін ажырата білген. Аталған табақтарға сай ет (сүйек) мүшелері болады. Ол мүшелерді ауыстыруға болмайды. Ет асқанда жіліктен бұзылған етті адам санына қарай мөлшерлейді. Тойға немесе қонақасыға көбінесе қой сойылады.
Бас тарту дәстүрі кейбір деректерде Тәуке ханның тұсында пайда болған деседі. Әдетте, кәделі жіліктермен бірге сыйлы қонақтарға малдың басын, қой немесе ешкінің шекесін, қазы-қартаны, жал-жаяны табаққа бірге салып береді. Жылқының басын бөліп асады, ал сиырдың басын көз қуысына таяу кеңсіріктен бір шауып, маңдайынан қақ жарып, үшке бөліп асады. Сондықтан әр шекесі бір бастың орнына жүреді. Сыйлы қонаққа жылқының шекесін тартпайды, ол тек етпен бірге беріледі. Әдетте бізде басты тартар алдында маңдайын айқастыра тіліп қояды,- дейді этнография ғылыми-зерттеу бөлімінің сектор жетекшісі Света Нұрпейісова.
Музей ұжымы тарихтан қалған тарту-таралғыларды насихаттау бағытында алдағы уақытта да белгілі бір шарамен шектелмей, жалғасын таба беретініне сендірді. Наурыз айындағы кәделі шаралар 14 наурыздан бері жалғасын тауып келе жатыр.
Алмас ҚАБДОЛОВ