Атырауда мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкерлері марапатталды
28 тамызда Атырауда Қазақстан мұнайының 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Мереке барысында мұнай-газ саласының ардагерлері мен қызметкерлері марапатталды.
Мұнай-газ компаниялары өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті халықты қолдауға бағытталған әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды жиі іске асырады.
«ҚазМұнайГаз» компаниялар тобына қарасты «Ембімұнайгаз» АҚ, «АМӨЗ» ЖШС, ТОО «Казахстан Петрокемикал Индастриз Инк.» (KPI) мен «КазТрансОйл» АҚ-ның Атырау мұнайқұбыры басқармасының ардагерлері мен еселі еңбегімен ерекшеленген қызметкерлеріне мерейтойлық медаль, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, сондай-ақ сала ардагерлері мен басқа да сыйлы қонақтар қатысты.
Асхат Хасенов құттықтау сөзінде мұнайшыларға жанқиярлық еңбегі мен мамандығына деген адалдығы үшін алғыс білдіріп, 125 жыл ішінде мұнай саласы Қазақстанның экономикалық дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.
«125 жыл ішінде Қазақстанның мұнай-газ саласы еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналды. Осы жылдар ішінде сала түрлі кезеңдерден өтті. Мұнайшылардың ерен еңбегі мен қажыр-қайраты елдің энергетикалық әлеуетін дамытумен бірге, өңірлердің әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып келеді. Бүгін еңсемізді тік көтеріп жүруіміз даңқты ардагерлеріміздің жасампаз еңбегінің арқасында. Сол кісілердің жанқияр ерлігі мен ерен еңбегіне алғысымызды білдіреміз», — деді «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов.
«Ембімұнайгаз» АҚ ғасырдан астам тарихында Атырау қаласы бойынша ірі салық төлеушілердің қатарынан саналып отыр, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға белсенді үлес қосып келеді.
«Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2023 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 608 млдр. 835 млн. теңге, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 6 млрд. 437 млн. теңге қаражат аударды.
Қазақстан мұнайының 125 жылдығы аясында Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында «Ембімұнайгаздың» демеушілігімен 150 балаға арналған оңалту орталығы салынды. Ағымдағы жылдың 19 тамызында аталмыш орталық іске қосылды.
Атырау қаласының экономикасының дамуына үлесін қосып отырған «АМӨЗ» ЖШС – еліміздегі үш ірі мұнай өңдеу зауытының бірі. Кәсіпорын 1945 жылы іске қосылып, жылына 5,5 млн. тонна өнім өңдейді. Кәсіпорын коммерциялық мұнай өнімдерінің 20-дан астам түрін шығарады. Оның ішінде экологиялық кластағы К-4 және К-5 дизельдік отындар мен реактивті қозғалтқыш отындар да бар. Бүгінгі таңда зауыт Қазақстандағы мұнай-химия өнімдері — бензол мен параксилол өндіретін жалғыз кәсіпорын болып табылады.
Жарты ғасыр бұрын салынған ҚазТрансОйлдың Атырау мұнай құбыры басқармасы (МҚБ) магистральдық мұнай құбырлары арқылы мұнай қоспаларын қабылдауды және тасымалдауды үздіксіз қамтамасыз етуде.
Мұнай құбырларын пайдалану және оларға қызмет көрсету арқылы МҚБ қызметкерлері еліміздің Батыс өңірінің кен орындарынан мұнайды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етеді.