Атырауда монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін теміржол компаниясы айыппұл төледі
Атырау облысында «Batys Trans Group» ЖШС-не тексеру жүргізіліп, ірі мөлшерде айппұл салынды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті Атырау көлік прокуратурасымен бірлесіп жүргізген тексеру нәтижесінде «Batys Trans Group» ЖШС монополиялық жағдайды теріс пайдалану арқылы бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу фактісі анықталды. Атап айтқанда, монополиялық жоғары бағаларды белгілеуде, ұстап тұру және мәні бірдей келісімдерге әртүрлі бағалар мен шарттарды қолданған.
«Атырау көлік прокуратураның ұсынысы негізінде ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті «Batys Trans Group» ЖШС-не қатысты Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 159-бабының 3-бөлігі және 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады», — делінген баспасөз хабарламасында.
Істі қарау қорытындысы бойынша Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен «Batys Trans Group» ЖШС-не әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 52 млн теңгеден астам монополистік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған монополистік кірісін тәркілеп, 23 млн-нан астам теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл мемлекет пайдасына толық көлемде өндірілді.
Эльмира Мықтыбаева
Сурет: freepik.com