Атырауда Мекес Төрешев атындағы дәстүрлі әншілер байқауы өтті
«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мекес Төрешев атындағы «Көрінген сонадайдан Нарын еді…» атты ІІ республикалық дәстүрлі әншілер байқауы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өтті.
Байқаудың мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі әнін, Мұхит, Ғарифолла ән мектептерін насихаттау, Мекес Төрешевті мәңгі есте қалдыру.
16 дәстүрлі әнші қатысқан дүбірлі дода екі кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңнің шарты бойынша «Ахау, құмған», «Желкілдек», «Боз жорға», «Бағила» сынды халық әндерін, Бисен Жәнекешовтің «Нарын», Мұхиттың «Қол жетпес», «Айдай», «Ақиіс», Ғарифолла Құрманғалиевтің «Оралым», Ажардың «Соқыр қыз» әндерінің бірін жеребе бойынша таңдап, сондай-ақ Мұхит әндерін және Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуарынан бір ән орындауы тиіс.
Ал, екінші кезеңге өткен әншілер Мұхиттың жоғары диапазонды әндерінің («Айнамкөз», «Паңкөйлек», «Зәуреш», «Қара қаншық», «Мұхит сал», т.б.) бірін орындауы шарт. Одан соң міндетті түрде Мекес Төрешевтің орындауындағы термелердің (Өмір Көшекбайұлы, Шернияз, Құмар, Кердері Әбубәкір, Сүгір, Ғарифолла Құрманғалиевтың «Ақын шабыты» халық термесін) бірін әуелетіп кетуі көзделген. Соңынан әр әнші өз репертуарынан бір әнді тыңдарман назарына ұсынады.
Байқауда Мекес ағаның өмірде де, өнерде де қатар жүрген ізбасары, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі дирижер Орақ Жауыровтың Алматы қаласынан жолдаған бейнеқұттықтауы көрсетілді. Өнер жолындағы ұрпақ сабақтастығы жалғасын тапсын деген ниетпен Мекес Төрешевтің жиені Айназым Мыңбайқызы да өз өнерін көрермен назарына ұсынды.
Сондай-ақ шара барысында Өтепберген Әлімгерейұлының «Алаштан ән оздырған» атты кітабының тұсауы кесілді. Аталмыш туынды Мекес Төрешевтің ғұмырнамасы мен өнер жолындағы жетістіктеріне арналған.
Екі күнге созылған дәстүрлі әншілер бәсекесі өте жоғары дәрежеде өтті. Халық әні мен қазақтың қара домбырасының үніне сусаған ақ Жайық өңірі Мұхит әніне ұйып, Ғарифолланың дауылды әуеніне тамсанды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті Сәуле Жанпейісова жетекшілік еткен қазылар құрамында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетова, «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов, мәдениет саласының үздігі Манарбек Дәулетов, мәдениет қайраткері Ханзада Сақыповалар болды.
Байқаудың бас жүлдесін Маңғыстау облысынан келген әнші Нұрым Асқанов қанжығасына байлады. Ал, атыраулық Жасұлан Базарбаев І орынға ие болса, ІІ орын Бақтыбек Сәрсенов (Атырау обл.) пен Әйгерім Әпеноваға (Алматы обл.) бұйырды. ІІІ орынның жүлдесіне батыс қазақстандық Бейбіт Қажығалиев пен атыраулық Байбақты Ідірбай ие болды. Алматылық Кенесары Болғанбаев пен жергілікті әнші Фатима Серікбаева байқаудың арнайы дипломымен марапатталды. Қатысушылардың барлығына алғысхат, ақшалай сыйақы мен кәдесыйлар табыс етілді.
Жан-Ерке ХАЛИУЛЛИНА