Атырауда медицина қызметкерлері күні аталып өтті
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында медицина қызметкерлерінің мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Ол медицина қызметкерлерінің кәсібін бейнелейтін сахналық қойылымнан басталды.
– Өңірімізде медицина саласында атқарылып жатқан істер аз емес. Әлі де болса орындалуы керек жұмыстар да көп. Медициналық инфрақұрылымдарды дамытуымыз қажет. Ауылдық жерлердегі медицинаны жақсарту бағытында да бірқатар жоспарымыз бар. Алдағы уақытта 30-дан астам нысанның құрылысын жүргізіп, тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Тозығы жеткен нысандарды жаңарту бағытындағы жұмыстар басталып кетті. Өңірімізге келген медицина саласының қызметкерлеріне көрсетілетін біржолғы көмектің көлемі ұлғайтылады. Атап айтсақ, қалаға жұмыс істеуге келген қызметкерге 3 млн. теңге, ауылдық жерлерге жұмыс істейтіндерге 5 млн. теңге көлемінде қаражат беріледі. Олардың баспаналы болуына да жұмыстанамыз, — деді ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Жиында аймақ басшысы бірқатар медицина қызметкеріне түрлі деңгейдегі марапаттарды табыстады. Сондай-ақ «Салауатты өмір салты–жарқын болашақ» атты жыл сайынғы медицина қызметкерлері арасындағы дәстүрлі спартакиадада 30-ға жуық медициналық мекеме, 600-ге тарта медицина қызметкері арасынан жеңімпаз атанған Құрманғазы аудандық ауруханасының ұжымына бірінші дәрежелі диплом, ауыспалы кубок және 200 мың теңгелік сертификат табыс етті.
Шара соңы медицина қызметкерлерінің құрметіне арналған концертке ұласты.
Алмас ҚАБДОЛОВ