Атырауда мал ауруына байланысты жағдай тұрақты
Атырау облысы Қызылқоға ауданында мал ауруы өршіп, ауданға қарасты төрт ауылда белгілі бір деңгейде шектеу жарияланды.
Негізгі ошақ Сағыз ауылы. Сағыздан басталған вирусты диарея 10 күн ішінде көрші ауылдарға да тарап үлгерген.
-Малдан алынған сынама қорытындысы сараланып, «инфекциялық ринатрахеит, вирустық диарея» деген диагноз қойылды. Шектеу жарияланғалы жағдай жаман емес. Тиісті іс-шаралар атқарылып жатыр. Ережеге сай, мал аумақтан шығарылып, кіргізілмейді. Оның үстіне қар да қалың, ауыл халқы малдарын үйден бағып жатыр, — дейді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Қызылқоға аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Шыман Бердешов.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының аумаққа карантин енгізілді деген ақпараттарының негізсіз екенін де айта кеткен жөн.
- Карантин аса қатерлі аурулар тарап, ахуал ауырлаған жағдайда жарияланады. Ал, Қызылқоға ауданындағы мал ауруынан туындаған мәселе аса қатерлі деуге жатпайды. Сондықтан шектеу ғана жарияланды. Дизенфекция жасалып, екпе жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, Сағыз ауылынан айға жуық уақытта бір-де бір мал ауруы тіркелген жоқ. Енді қайтадан сынама алынады. Бірер күнде бұл ауылдан шектеу шарасы алынуы мүмкін. Ал, Миялы ауылында күніне 2-3 малдан ауру анықталуда. Бұны да бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, аурудың бәсеңсігенін айта аламыз. Мұқыр ауылында да жағдай қалыпты. Жангелдин ауылы жақында ғана шектеуге алынды, — дейді Шман Бердешов.
Қызылқоға
аудандық аумақтық инспекция басшысының айтуынша, ауру бастағалы жалпылама 800-ге жуық мүйізді ірі қара індет жұқтырған. Екпе мен ем-дом нәтижесінде мал шығыны тіркелмепті.
«Қазіргі уақытта бас-аяғы 20-ға жуық сиыр малынан вирус анықталып отыр» дейді мамандар.
Серікбол Панабердиев