Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда ластаушы кәсіпорындар электронды түрде бақыланатын болды

Атырауда «Климаттық диалог: өзара әрекеттестіктің тұрақты стратегиялары» тақырыбында форум өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде өткен форумның көздегені – БҰҰ-ның, академиялық және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, түрлі саладағы мамандармен климаттың тұрақтылығы бағытындағы тәжірибе алмасу. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

img 3126

Форумға БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, өңірдегі ірі мұнай компанияларының өкілдері мен сарапшы мамандар қатысты. Алғашқы сөз тізгінін алған аймақ басшысының орынбасары, бүгінгі форумның маңыздылығына тоқталып өтті.

— Қазіргі таңда климаттың өзгеруі — ең өзекті мәселеге айналып отыр. Осындай форумның Атырау қаласында өтуі маңызды деп есептейміз. Облысымызда мұнай-газ саласының қарқынды дамуы арқасында өндіріс орындары көбейді. Сәйкесінше, қоршаған ортаға түсетін салмақ та арта түсуде.

img 3124

Өңіріміздің табиғаты қатал, шөлейтті аумақтар қатарында екені белгілі. Осының бәрі өңіріміздің атмосфералық ауа сапасының нашарлауына, жерүсті суларының таяздауына әкеп соғуда. Аймақтың экожүйесін жақсарту бойынша бірқатар атқарылып жатқан жұмыстар бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу үшін 2030 жылға қарай парниттік газдардың шығуларын 15 пайызға азайту жөнінде тиісті тапсырмалар беріп, жарлыққа қол қойды. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз — облысымыздың экологиялық ахуалын жақсарту, өндірістің ауаға шығаратын шығындыларын азайту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне түбегейлі бетбұрыс жасау,- деді Ж.Бисембиев.

Форум барысында облыс әкімінің орынбасары өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу бағыты бойынша қолға алған шараларды да айтап өтті.

— Облысымыздың атмосфералық ауасын ластаушы газдардан тазарту бойынша 2021-2025 жылдар арасында I санатты ірі кәсіпорындармен бірлесіп, шығындыларды түбегейлі азайту жөнінде арнайы жоспар қабылдадық.

img 3127

2024 жылдан бастап осы бағытта Экология министірлігімен арнайы автоматтандырылған мониторингілік жүйе іске қосылады. Бұл дегеніміз — I санатқа жататын әр ластаушы кәсіпорындарды электронды түрде бақылайтын боламыз. Соның арқасында қай кәсіпорын, қоршаған ортаға қандай шығынды шығарып отырғанын біле аламыз. Қажет болған жағдайда тиісті шарасын да қолданамыз. Біз солай жедел басқару түріне көшейін деп отырмыз, — деді Ж.Бисембиев. 

Айта кетейік, форумның негізгі талаптары — климаттық қиындықтар мен мүмкіндіктер, климаттың өзгеруінің әсерін талдау және тұрақты стратегияларды құру жолдарын табу. Сондай-ақ тұрақты дамудағы университеттердің рөлін арттырып, қоршаған ортаны қорғауды насихаттау және тұрақты технологияларды дамытуда білім беру мекемелеріне қолдау көрсету. Сонымен қатар климаттық инновациялар бойынша көміртегі ізін азайтуға көмектесетін озық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button