Атырауда көшеде жалғыз жүрген тағы бір бүлдіршін ата-анасына қайтарылды
Atr.kz/22 тамыз, 2020 жыл. Атырау қаласында 21 тамыз күні ата-аналардың баласын көзден таса жіберіп алудың тағы бір дерегі орын алды.
Сағат 11.00 шамасында Нұрсая шағын ауданының тұрғындары көше бойынан жалғыз жүрген кішкентай бүлдіршінді қызды көріп, сол бойда жақын маңдағы #14 учаскелік полиция бекетіне келіп, тәртіп сақшыларының қолына тапсырады.
Полицейлер оқиға туралы рация-радиоқабылдағышпен патрульдер мен учаскелік инспекторларға, ювеналды полицейлерге бағыттама беріп, сәбидің ата-анасын, мекен-жайын іздеу жұмыстарын бастайды.
Сағат 11:46-та «102 операторына» екі жасар баласын іздеген азаматшадан хабарлама түскен.Көше бойынан табылған сәбидің үйін жан-жақты іздеп жатқаннан хабардар оператор, қоңырау шалған азаматшаға учаскелік тірек пунктіне баруына кеңес береді.
Сәбиін аман- сау көрген анасы қуанғаннан көзіне жас алып, екі жастағы Аринаны 14 жасар қызына тапсырып, жеке жұмыстарымен азғантай уақытқа үйінен шығып кеткенін, келген бойда ауладан таба алмай қалғанын айтып, аналық жүректен тұрғындарға, полиция қызметкерлеріне шын жүректен алғысын білдірді.
Полиция қызметкерлері ата-аналарға балаға жауаптылықпен қарап, бақылаусыз қалдырмау қажеттілігі туралы қатаң ескертті.