Атырауда коронавирустан емделгендерге арналған оңалту орталықтары жұмысын бастады
Atr.kz/25 тамыз, 2020 жыл. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Атырауда коронавирус инфекциясына шалдыққан адамдарға арналған алғашқы оңалту орталықтары жұмысын бастады.
Атырау қаласындағы алты спорт кешенінде реабилитолог мамандар алғашқы жаттығу ем шараларын бастады. Қала халқының басым бөлігі тіркеуде тұрған №1 және №5 Атырау қалалық емханаларының емделушілері «Ривьера» денешынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде ем-шараларды қабылдауда.
№1 Атырау қалалық емханасының дәрігер-эпидемиологы Өміргүл Қостаеваның айтуынша, коронавируспен ауырған көптеген науқаста әлсіздік байқалады. Сондықтан ағзаны қалпына келтіру өте маңызды. Оның әртүрлі жолдары бар. Соның ішінде гимнастикалық жаттығудың пайдасы зор.
«Бірінші кезекте пневмониямен ауырған науқастарды қабылдаймыз. Емделушілер арасы бір жарым метр қашықтықта тұрып ем шараларды ашық алаңқайда жасауда. Ал, күн салқындаған кезде жаттығу шаралары спорт кешендерінің ішінде арнайы спорттық жабдықтар арқылы өтеді. Оңалту жаттығуының мерзімі –10 күн. Жаттығуларды таңертеңгі мезгілде 15-30 минут жасаймыз. Дене жаттығуы науқастардағы стрессті, мазасыздықты немесе депрессияны жеңу бағытында өте қажет», — деді №1 Атырау қалалық емханасының эпидемиолог дәрігері Өміргүл Қостаева.
Алғашқы жұмыс күнінде-ақ, «Ривьера» спорт кешеніндегі оңалту орталығы 40 тан астам астам емделушіні қабылдады.
Оңалту орталығына келушінің бірі Роза Иманғалиева бізбен әңгімесінде, маусым айында өкпесінің 15 пайызы зақымданып емделіп шыққанын айтты.
«Қазіргі кезде жағдайым жақсы. «Ривьера» спорт кешеніне №5 Атырау қалалық емханасы жанынан арнайы шығарылған көлікпен қатынап келіп жүрміз. Кеше басталған оңалту шарасының әсерін сезініп жатырмын. Дене жаттығуы ағзаға дәрісіз-ақ, күш-қуат береді. Оңалту шарасының оң нәтиже беретініне сенемін» — дейді орталықтың емделушісі Роза Иманғалиева.
Айта кетелік, Атырау облысы бойынша короновирус инфекциясының пневмония түріне шалдығып, сауығып шыққан 5714 адам қазіргі кезде оңалту шарасын қажет етеді. Оның ішінде Атырау қаласы бойынша 4194 емделуші тізімде тұр. Қалған 1520 адам аудандар бойынша тіркелген. Олар жергілікті жердегі денешынықтыру спорт кешендерінің алаңқайларында ұйымдастырылған оңалту шараларына қатысуда.