Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші 150 адамға жетті

«Бүгін облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі эпидемиологиялық ахуал мен вакциналау жұмыстарының барысы қаралды» — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.


Атырау облысы бойынша Санитарлық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов қаңтар – маусым айларында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші 87 адам болса, шілдеде бұл көрсеткіш 150-ге жеткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, осы айда коронавирус инфекциясы анықталғандардың 53 пайызы қатерлі дертті той-томалақ, еске алу іс-шаралары, сауда үйлері, базарлар, қоғамдық тамақтану орындары мен түнгі клубтардан жұқтырған. Ал қалған 25,9% науқаспен жақын қарым – қатынаста болғандар, 11,7% қоғамдық көліктерде шалдыққан.
Тұрғындар санитариялық сақтық шараларына немқұрайлы қарай бастаған. Бетперде тақпау мен әлеуметтік дистанцияны сақтамау да эпидемиологиялық ахуалға кері әсер етуде.

«Аурудың өсуінің тағы бір себебі – жаңа штаммның таралуы. Алматыға жіберілген 43 сынаманың 18-нен «Дельта» штаммы анықталды. Оның жұғу деңгейі екі есе жоғары және онымен ауру барысы ауыр формада өтеді»,- деді Мәдениет Танауов.
Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығын қатаң ескерткен өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов әсіресе, денсаулық сақтау басқармасы басшылығына кез келген жағдайға дайын болу керектігін тапсырды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайсар Абдуалиевтің айтуынша, коронавирус жұқтырғандардың өсуіне байланысты соңғы бір аптада Атырау қаласында резервтен 330 инфекциялық төсек орын іске қосылған.

«Ауырғандар саны өсіп жатса №2 облыстық ауруханадағы 30 орындық ішек инфекциясы бөлімін басқа жерге ауыстырып, инфекциялық стационарға айналдырамыз. Облыстық аурухананың жаңа корпусынан 200 орын дайындап отырмыз, жағдай ушығып жатса оны түгелдей инфекциялық стационар қыламыз. Сондай-ақ, темір жол ауруханасынан да орындар дайындаймыз»,-деді Қ.Абдуалиев.
Ол сондай-ақ халықты вакциналау жұмыстарын да баяндады. Бүгінге дейін өңірге 141 200 доза вакцина жеткізілген. 2021 жылдың 1-ші ақпаны мен 7-шілдесі аралығында екпе салдырған адамдар саны 104 722-ге жеткен.
Басым вакциналауға жататын контингенттер арасында ең жоғарғы көрсеткішті әскери бөлімдердің сарбаздарын қоса алғанда құқық қорғау органдарының қызметкерлері көрсетіп отыр – 163%.
Ал, ең төменгі көрсеткіш созылмалы аурулары бар науқастар – 11%, студенттер – 11,4%, және педагогтар – 50% арасында байқалады.
Қайсар Абдуалиевтің сөзінше, халықтың вакцинамен қамтылуын арттыру үшін түрлі ынталандыру іс-шаралары қолға алынған.
Бұдан бөлек, өңір басшысы вакциналау жұмыстары бойынша аудандардың әкімдері мен оқу орындарының басшыларын да тыңдады.
Жиын соңында облыс әкімі тиісті салалар басшыларына өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, халықты жаппай вакциналау жұмыстарын күшейтуді, мониторингтік топтардың қызметі мен ақпараттық – түсіндіру жұмыстарын жандандыруды жүктеді.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар мен жоғары оқу орындарының басшылары және селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button