Атырауда көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық байқау өтіп жатыр
Atr.kz/17 қазан, 2019 жыл. Атырауда ҚР Мемлекеттік Гимн авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы басталды.
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткізіліп жатқан жыр додасын облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастыруда. Ақынның әдеби мұрасын халық, әсіресе жастар арасында насихаттау, оның шығармшылығы арқылы жас буынды адамгершілікке, ұлттық рухқа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қолға алынған байқау облыста төртінші мәрте өткізілуде.
Сайысқа облыстардан және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан 18-35 жас аралығындағы барлығы 16 үміткер қатысуда. Қатысушылар байқау шарты бойынша екі кезеңде — поэзиялық және прозалық шығармадан үзінді оқудан сынға түседі. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айбек Крамбаев ақынның қазақ әдебиетіндегі рөлі қашан да биік тұратынын баса айтты. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жыр бәйгесінде Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет»орденінің иегері Мереке Құлкенов қазылар алқасына төрағалық етуде.
Ал, қазылар алқасының мүшелерінің құрамында ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Бауыржан Қарабеков, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, ақын Жұмабай Құлиев, «Ақиқат» журналының бөлім меңгерушісі Серікқали Хасан және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Атырау облыстық филиалының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Әбілхан Төлеуішов секілді қазақ әдебиетінің майталмандары бар.
Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ертең, 18 қазанда ұйымдастырылады. Салтанатты шарада жүлдегерлер дипломдармен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталып, қаржылай сертификаттар табысталады.