Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Атырауда көпұлтты отбасылар қалай тұрып жатқандарын айтты

Atr.kz/3 мамыр, 2020 жыл. Бейбітшілік пен бірліктің берекелі ордасына айналған еліміздің іргесінің берік болуы онда өмір сүретін әрбір жанға байланысты. Аймақта тәуелсіз мемлекеттің тірлігіне тілеулес болып, Қазақстанды туған Отанындай санайтын түрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасылар аз емес. Бір шаңырақтың астында бір ұлттың баласындай болған олар өзара түсіністікпен, сыйластықта өмір сүруде.

Қазақ тілін жетік меңгеріп, емін-еркін сөйлей алатын Вера Шин көпұлтты отбасында дүниеге келген. Әкесі – кәріс, анасы – орыс болса да, қаймағы бұзылмаған ауылда туып-өскен ол қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазақы жанұяның келіні атанды. Бүгінде өзі де ана атанып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, информатика кафедрасының магистроқытушысы болып еңбек етіп жатқан жайы бар. – Жалпы, өз отбасымда төрт қызбыз. Бір ерекшелігі, олар да түрлі ұлт өкілдерімен бас қосып отыр.

Мысалы, жездем – орыс болса, екі сіңлімнің бірі – татар, екіншісі – орыс ұлтының жігіттеріне тұрмысқа шықты. Соған қарамастан, біз бірбірімізбен сыйластықта өмір сүріп жатырмыз. Өз атам 1934 жылдары Қиыр Шығыстан репрессия кезінде тағдырдың тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударып, Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылында егін шаруашылығымен айналысып, тұрақтап қалады. Сөйтіп, менің әкем Виктор да осы ауылда өмірге келді. Ал, нағашы атам Өрлік ауылының тумасы болса, нағашы әжем Ресей Федерациясының Краснодар облысында туған. Екеуі осы ауылдан кездесіп, отбасын құрған, — дейді әңгімелесушіміз. Ал, өмірлік серігімен Вера туған жері – Бейбарыс ауылында кездескен. Бала кезден-ақ қазақ халқының салтдәстүрлерін көріп, санасына сіңіріп өскен кейіпкеріміз бірден қазақы отбасына сіңісіп кетеді.

– Жолдасым екеуміз көрші болдық. Сондықтан, бір-біріміздің жанұямызды жақсы білдік. Бір-бірімізге тез үйреніп кеткеніміз де содан болуы керек. Әлі күнге дейін екі отбасым да ауылда тұрады. Карантин болғандықтан, пасха кезінде анама бара алмадым. Есесіне, оларды ата-енем құттықтап барды. Көрісу кезінде олар менің әкемнің шаңырағына келеді. Біз бірбіріміздің салт-дәстүрімізді құрметтейміз, — дейді Вера Шин. 

Өңірдегі «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық мәдени орталығының төрағасы қызметін атқарған Сейтамин Ақаевтың отбасы да көп ұлттан құралған. Сейтамин аға – сонау соғыс жылдарындағы зұлмат кезінде Жайық жағалауына жер аударылып келген шешен ұлтының өкілі. Қара нанды бөліп берген қазақтардың қайырымдылығын әркез айтып жүретін ол қазақ қызына үйленіп, жапырағын жайған.

–  Қазақстанға 1968 жылы аласапыран уақытта келдім. Құшақ жая қарсы алған қазақ жерінің Батыс Қазақстан облысы Үшқұдық ауданына қоныс теуіп, жұмыс жасадым. Қандай болсын жұмысты талғамадық, қамыс орып, кез келген іске білек сыбана кірісе кететінбіз. Жұбайыммен Атырауда (сол кездегі Гурьев) танысқан болатынмын. Бағыл деген қазақтың сұлу аруы мені бір көргеннен-ақ баурап алды. Содан осы аймақта тұрақтап қалуыма тура келді,-деп бір күліп алды әңгіме барысында Сейтамин ағай.

Облыста шешен, ингуш, орыс, башқұрт ұлттары мәдениетінің дамуына, бүгінгі күнге дейін салтдәстүрлерінің сақталуына айтарлықтай атсалысқан Сейтамин Ақаев – сегіз ұл, бес қыз тәрбиелеген үлкен шаңырақтың иесі. Бүгінгі күні жұбайы Бағыл апа екеуі тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары ержетіп, бас-басына үй болып, сан салада қызмет етуде. Бұл шаңыраққа бір қазақ қызы, екі орыс, екі шешен қызы келін болып түсіп, өз отбасыларының отын түтетіп отыр. Балаларынан ондаған немере, жиен сүйген Сейтамин ағаның ендігі арманы – елінің тыныштығы.

– Мемлекет саясаты – республикадағы барлық халықты біріктіретін саясат. Ешкім ұлтына қарай бөлінбейді. Әркімнің өз тілінде сөйлеуіне құқы бар. Бірақ, біз – біртұтас халықпыз. Атыраулықтар да соның бір бөлшегі, – дейді ол.

Түрлі ұлт өкілдерінен құралған үлкен шаңырақтың иесі Сейтамин Ақаев отбасы мүшелерінің барлығы қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрлер мен мерекелерге, ас мәзіріне де ерекше ынта қойып, құрметпен қарайтындарын айтады. Берік отбасының басты қағидасы – татулық десек, көпұлтты жанұя бола тұра, ұлттық құндылықтарын жоғалтпай, бейбітшілікті жоғары бағалайтын осындай отбасылар  мемлекетіміздің мықты тірегі саналады.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button