Атырауда көпірден секірген бойжеткен құтқарылды
26 сәуір күні 15:50 сағатта байланыс бекетіне Атырау қаласы Тұрғындар қалашығы жаяу жүргіншілер көпірінен Жайық өзеніне белгісіз адам секіруге әрекет жасап жатқаны жөнінде полиция қызметкерлерінен шақырту түсті.
«Құтқарушылар дереу оқиға орнынан жеткен кезде белгісіз адамның көпірден Жайық өзеніне секіріп кеткендігі анықталды. Полиция қызметкерлері суға секірген бойжеткенді құтқарушылар келгенге дейін су бетінде ұстап тұрған. Құтқарушылар жүзу құралы арқылы полиция қызметкерін және құтқарылған бойжеткенді жағаға жеткізді. Осылайша, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, өзенге секірген бойжеткенді құтқарып қалды», — деп хабарлайды Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі.
23 жастағы азаматшаға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізді.
Құтқару жұмыстарына Атырау облысы ТЖД 3 қызметкермен 1 бірлік техника, «Апаттар медицина орталығы» ММ 3 қызметкер, 1 бірлік техника, ПД 5 қызметкер мен 2 біролік техника жұмылдырылды.