Атырау облысы әкімінің орынбасары көпбалалы аналарды қабылдады
Бүгін, 16 маусым, Атырауда көпбалалы аналар облыстық әкімдік ғимаратының алдына келді.
Отызға жуық әйелдің шағымы бір – азық-түлік бағасының күрт көтерілуі, соның ішінде келісі 500 теңгеге дейін жеткен картоп бағасының өсуі. Жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев қабылдап, атқарушы билікке қойлған сұрақтарды тыңдады.
Аналар атынан Салтанат Кукенова сөйлеп, мән-жайды баяндап берді.
- Менің үш балам бар. Өзім жұмыссызбын, қазір бала тәрбиесімен айналысамын. Отбасына табыс әкеліп отырған жалғыз күйеуім. Күніміз сол күйеуімнің нәпақасына қарап отыр. Ал, азық-түлік бағасы күн санап қымбаттап жатыр. Тапқан-таянғанымыздың бәрі азық-түлікке кетеді. Мұны балаларға қалай түсіндіреміз? Құр қара нанды олар жей алмайды. Халықтың еңбекақысында өсім жоқ. Біздің облыста қанша көпбалалы отбасы бар екенін білесіз бе?, – деді Салтанат Кукенова.
Қайрат Нұрлыбаев та аналардың айтқан шағымымен келісіп, азық-түліктің расымен де қымбаттағанын айтты. Дегенмен, әкімдік тарапынан әлеуметтік маңызды тағамдардың бағасына тұрақты түрде мониторинг жасалады деп сендірді.
- Азық-түліктің қымбаттауының басты себебі – азық-түліктің көбі сырттан келеді. Қыста жұмыртқаның бір данасы 60 теңгеге дейін шарықтап кетті. Бұған құс тұмауы себеп болды. Қазір жұмыртқа бағасы тұрақты – 1 данасы 30 теңге. 2019 жылы нан бағасы да 65 теңгеден 85 теңгеге қымбаттады. Сол кезде әкімдік тарапынан ұн өндіруші цехтармен келіссөздер жүргізілген болатын. Демалыс күндері «Аламан» базарында тұрақты түрде жәрмеңке ұйымдастырылады. Ол жерде негізгі 19 түрлі тағамның құны нарықтағы бағадан төмен сатылады. Бағаларды Атырау облысы ауылшаруашылығы басқармасы басшысымен ақылдаса отырып бекітеміз. Тұрғындардың жәрмеңкеге қатынауын жеңілдету үшін демалыс күндері «Аламан» базарына қаланың негізгі аудандарынан жүретін қосымша автобустар бөлінді. Жазғы маусымда жәрмеңке өтетін орындар санын арттырамыз. Азық-түлік жәрмеңкелері Тұрғындар қалашығы ықшам ауданында, «Көктем» базары аумағында және басқа да негізгі орындарда өткізілетін болады. Біз әрдайым халықтың үніне құлақ асамыз, олардың талаптарын тыңдауға да дайынбыз. Жағдай біздің жіті қадағалауымызда болады, – деді Қайрат Нұрлыбаев.
Кездесуде аналар білім, медицина және карантиндік шектеулер бойынша өздерін мазалайтын сұрақтар қойып, басқарма басшылары тарапынан жауаптар берілді.
Қоғам белсендісі Нұрлан Жонасов тұрғындарды қабылдап, барлық сұраққа жауап берген облыстық әкімдік өкілдеріне алғыс білдірді.
- Біз президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «еститін үкімет» тұжырымдамасының жүзеге асып жатқанына куә болып отырмыз. Тұрғындарды әкімдік ғимаратына кіргізіп, мазалайтын сұрақтарына жауап бердіңіздер, – деді Нұрлан Жонасов.