Атырауда кооперативтерге алданған салымшылар наразылыққа шықты
Атыраулық жүздеген тұрғын «Saraishyq development» тұрғын үй кооперативіне жарты миллиард теңге аударып, алданып қалған. Бүгінде олар құзырлы органдардан кінәлілерді жазалап, шығындарын өтеп беруге көмектесуді сұрап отыр.
Екі жыл бұрын баспаналы болуға тиісті тұрғындар әлі күнге дейін салған ақшаларын ала алмай жүр. Арасында қос пәтердің ақшасын алдын ала толықтай төлеп тастағандар да бар екен.
– Мен екі бөлмелі пәтерге 20 миллион теңге салып едім. 2021 жылы жер жарған жарнамасын көріп, арзан бағасына қызығып, Сәтпаев даңғылының бойында орналасқан кеңсеге келдім де, сұраған ақшасын аудардым. Осыдан соң компания өкілдері еш хабарласпастан ізімғайым жоғалды, — дейді салымшылардың бірі Эдуард Айтасов.
«Қазанат», «Сарайшық», «Байсанат», «Фэмели таун» кооперативтері құрылысты 2018 жылы бастап кеткен. Ал, оны облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы салымшылар әбден сан соғып, шу шығарған соң ғана заңсыз деп тауып, амалсыз тоқтатқан. Сонда алаңсыз жүріп жатқан құрылыс барысы неге қадағаланбаған? Құрылысқа қалай рұқсат берілген?
– Аталған құрылыс кешенінің рұқсат құжаттары жоқ. Мемлекеттік құрылыс басқармасына құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғандығы туралы хабарлама жолдамаған. Облыстық прокуратураның ұсынысы бойынша бүгінде құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Сот қаулысы бар. Тұрғындарға сот ісі біткенше, қаулы шыққанша күту керек, — дейді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің басшысы Рүстем Мәкібаев.
Ал, зейнеткер Сәулеш Шайхиева істі тергеу барысы өте баяу жүріп жатқандығына наразы. Өйткені, құрылыс тоқтағалы полиция тек бір күдіктіні ғана қамауға алған. Ал, сонда қалғандары қайда?
– Үйден үміт жоқ. Себебі, оны салып бітіру енді мүмкін емес. Салымшылар өз ақшасына күзетші жалдап отыр. Соған қарамастан қараусыз жатқан құрылыс нысаны тоналып, әбден күйі кеткен. Ең болмаса, алаяқтық жолмен алынған ақша неге жеделдетіліп қайтарылмайды? Қазір инфляция шарықтап, біздің миллиондаған ақшамыз құнсызданып барады. Егер облыстық полиция департаменті істі сағызша соза беретін болса, біз салған ақшамызға ертең ескі лашықты да ала алмаймыз. Пәтерлерін ала алмай жүргендердің арасында жағдайы жоқ, көпбалалы аналар бар. Үйдің шаршы метрі шамамен 130 мың теңге деген соң, барлығымыз алдық. Бізге ақшаны қайтарсын, — деп ашынады егде жастағы тұрғын.
Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулеттің айтуынша, тағайындалған сараптамалар күрделі санатқа жататындықтан қол байлап отырғанға ұқсайды. Қазір полиция департаменті бұл іске қатысты екі бап бойынша іс қозғаған. Әзірге жұртты сан соқтырған төрт тұрғын үй кешені кооперативінің тек бір басшысы ғана ұсталған. «Төрт кооперативке қатысты ҚК 190 — бабы, 3 — бөлігімен, 85 — бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бір күдікті қамауда. Сондай-ақ аталған тергеу барысында 9 күрделі сараптама тағайындалған.
Қазір тергеу басқармасының мәліметіне сәйкес, былтыр басталған іс аяқталуға жақын. Осы мәселеге байланысты 200-ге жуық арыз түскен. Кооперативтердің құрылтайшыларына қатысты заңды шешім қабылданады. Қамауға алу немесе қандай да бір заңды бағасы беріліп, құқықтық жауапкершілік қарастырылады» дейді полиция өкілі.
Жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп шаршаған жұрт енді бұл іске құзырлы органдардың араласуын сұрап отыр. «Арзан бағада сатылып жатқан соң осы пәтерді алдым. Әлі күнге дейін далада жүрмін, не үй жоқ, не ақша жоқ. Жылдар бойы баспанаға деп ақша жинағанмын. Осылайша, бізді тығырыққа тіреген тиісті алаяқтар ұсталсын» дейді тағы бір салымшы Айнұр Исатай.
Наразы топ бұған дейін де шағымдарын айтқан болатын. Ол кезде Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасындағылар құрылысты аяқтауға инвестор іздейміз деп уәде берген еді. Енді «инвестор табу құзырымызға жатпайды» деп жауапкершіліктен жалтарды. Оның үстіне, жуырда аталған басқарманың басшысы да ауысып кетті. Енді салымшылар полицияда жатқан арыздардың тез арада сотқа жолданғанын күтіп отыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттер автордікі