Атырауда командирлерді жалғандық детекторымен тексерді (+ВИДЕО)
Atr.kz/ 27 наурыз, 2019 жыл. Жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілерімен ерекше форматтағы кездесу өтті.
Аталмыш шара барысында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бас әскери полиция Басқармасы мен тәрбие және идеологиялық жұмыстар Департаментінің өкілдері Қолбасшылықтың әскери бөлімдерін аралады.
Олар командирлер мен материалдық жауапкершілігі бар әскери қызметшілерді, әскери заңгерлер мен қаржы мамандарын жинап, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығына жататын күнделікті өмірдегі түрлі жағдайларды модельдеп, әскерилердің осы жағдайлардағы әрекеттері мен реакцияларына баға берді.
Сонымен қатар, кездесуге қатысқан әскери қызметшілер полиграфпен тексерістен өтті. Батылдық танытып, тексеріске бірінші болып бел буып шыққандардың қатарында 41433 әскери бөлімінің командирі, подполковник Есболат Нұрекешов болды. Тексеріс аппараттары жалғанған бойда командирге «Сыбайлас жемқорлық жасадыңыз ба? Нашақорлыққа бой алдырдыңыз ба? Азарттық ойындар ойнайсыз ба? Букмекерлік кеңселерге барасыз ба?» сияқты сұрақтар жаудырылды. Алайда, батыл командирдің жауаптарының барлығын полиграф растап шықты.
«Полиграф аппараты адам организмінің физиологиялық реакцияларын оқитын белгілі сезбектер арқылы жұмыс жасайды. Яғни, оны алдаған кезде реакция пайда болады. Тексерістен өтушілер әрдайым қобалжып тұрады, стресс кешеді. Бірақ бұл қалыпты жағдай. Себебі аталмыш процессті жағымды деп айта алмаймын», — дейді Бас әскери полиция Басқармасының полиграфологикалық бөлімінің аға офицері, подполковник Жомарт Битабаров.
Бұл полиграфтарды Қорғаныс министрлігі 2018 жылдың қыркүйек айында Ресейден алдырған, олардың біреуі мобильдік, ал екіншісі стационарлық. Аппараттарды алдауға мүмкін емес, олардың зерттеу дәлділігі — 97-98%. Бір адамды толық зерттеуге шамамен екі сағат уақыт кетеді. Адамға бекітілген сезгектер оның организміндегі барлық реакцияларды оқуға шамасы жетеді.
Әскери полиция Бас Басқармасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқармасының аға офицері, подполковник Нұрбол Алтынбековтың айтуынша, тексеріске алғаш рет қызметке орналасқан және жемқорлық ықтималдығы жоғары лауазымдарға тағайындалған азаматтар жіберіледі.
«Ал осы түсіндіру жұмыстары барысында әскери қызметші өз-өзін сыбайлас жемқорлық сияқты әлеуметтік бәлеге қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру қажеттегін түсіндіруге бағытталған» — деп пайымдады.
Кездесу сонында шараға қатысқан әскери қызметшілермен сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнамалық актілерді меңгеру дәрежесін анықтауға бағытталған тестілеу мен жасырын сауалнама жүргізілді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты алдын-алу мен болдырмауға бағытталған бейнероликтер мен фильм көрсетілді.
Рүстем ИГІСІНОВ,
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі, капитан.