Атырауда көлік кептелісі азая ма?

marshruty atyrau Жаңалықтар

Атырау қаласындағы түйткілді мәселенің бірі – кентішілік жолдар салу арқылы көлік кептелісі мәселесін шешу еді. Өйткені, соңғы жылдары шаһардағы көлік нөпірінің көбеюіне байланысты ауылдық округ тұрғындарының орталықтан үйіне қатынауы мұңға айналған болатын.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұханбетәлиевтен білгеніміз, Әуезов, Азаттық, Датов көшелеріндегі және Атырау–Индер (10 км.) трассасын қайта жаңарту жұмыстары жалғасын тауып отыр.

Ал, жалпы ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын Әуезов, Азаттық көшелерінің және Балықшы шағынауданының Зарослый ауылына дейінгі автокөлік жолдары биыл пайдалануға берілмекші. Сондай-ақ, қалаға қарасты ауылдық округтердің, атап айтқанда, Еркінқала-2, Еркінқала, Балауса, Ракуша, Томарлы, Бірлік, Алмалы, Зарослый-1 ауылдарының 163 көшесін қамтитын автокөлік жолдарының құрылысын жалғастыру керек.

Осы жобалар бойынша құрылыс-монтаждау шараларына қажетті қаражат құны 15,97 млрд. теңгені құрап отыр.

НҰРСАЯДАН – САРЫӨЗЕККЕ

«Атырау қаласын дамытудың кешенді жоспары» аясында Жастар көшесі («Көктем» сауда үйінен Еркінқала ауылына дейін), Әбілқайыр хан даңғылынан Сарықамыс шағынауданы арқылы өтетін жолдар қайта жаңғыртылады. Бүгінде Бейбарыс даңғылынан Атырау–Астрахан тас жолы аралығына, Нұрсая шағынауданының №16 көшесі арқылы Бейбарыс және Әбілқайыр хан даңғылдарын біріктіретін Сарыөзек және Алмалы ауылішілік автокөлік жолдарын салу үшін мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланбақ. Жалпы ұзындығы 32,7 шақырым болатын және құны 19,9 млрд. теңге құрайтын маңызды жобаларды жүзеге асыру жұмыстары келесі жылы да жалғасатын болады.

САПАҒА НАЗАР АУДАРУ КЕРЕК

Иә, жол төсеу жұмыстары туралы сөз қозғағанда оның сапасы туралы айтпай кетуге болмайды. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Үкімет отырыстарының бірінде жамау-жамау жолдардың сапасын сынға алып, жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажеттігін баса айтқан болатын.

«Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде, Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау құрақ көрпеге ұқсайтын болды» – деген еді Қазақстан Президенті.

Иә, бұл салада қордаланған мәселе көп. «Тендерді жыл сайын бірлі-екі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Соның бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Жарты жыл өтті. Ал, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Бұл жұмыс Павлодар, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында өте баяу жүргізілуде» деді Мемлекет басшысы.

Мамандардың айтуынша, көше бойында шұрқ-тесіктің көбеюі табиғи фактормен қатар құрылыс материалының сапасына байланысты. Былтыр өңірде жол салуға пайдаланған құрылыс материалдарының 17 пайызы жарамсыз болып шыққан. Бұл төселген асфальттың тез тозуына себепші екен.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз