
Атырауда көктемгі мерекелерді атап өтуге дайындық басталды
Бүгін Атырау облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың төрағалығымен маңызды жиын өтті. Басқосуда Алғыс айту күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған басты мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, жиынға барлық ведомство басшысы қатысып, мерекелік іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуі үшін қажетті шараларды пысықтады.
Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов жоспарланған іс-шаралар туралы баяндама жасады.

Наурыз айында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталған кең ауқымды іс-шаралар өтеді. 14 наурызда облыста «Наурызнама» онкүндігі басталады. Бұл мереке ұлттық құндылықтарды насихаттауға және отбасылық дәстүрлерді нығайтуға бағытталған.
«Наурызнаманың» кестесі:
14 наурыз – Көрісу күні (Амал мерекесі);
15 наурыз – Қайырымдылық күні;
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні;
17 наурыз – Шаңырақ күні;
18 наурыз – Ұлттық киімдер күні;
19 наурыз – Жаңару күні (ағаш егу);
20 наурыз – Ұлттық спорт күні;
21 наурыз – Ынтымақ күні;
22 наурыз – Жыл басы;
23 наурыз – Тазалық күні.
Облыс көлемінде 109 мерекелік іс-шара жоспарланып, 92 жерде киіз үйлер тігіледі. 14 және 22 наурыз күндері Исатай-Махамбет алаңында театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар өтеді.

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Атырау өңірінде ауқымды шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде салтанатты жиындар, тарихи көрмелер, жәрмеңкелер мен концерттер, гүл шоқтарын қою рәсімдері өткізіледі.
Сондай-ақ, биыл «Боздақтар» кітабының екінші бөлімі жарық көреді.
Мерейтойлық датаға орай Астанада өтетін ең ауқымды әскери парад қазақстандықтардың рухын көтеретін маңызды оқиға болмақ. Атырау тұрғындары парадты қаладағы LED-экрандар арқылы тікелей эфирде тамашалай алады.
Қ.ШӘКІРОВ