Атырауда кезекте тұрған 132 отбасы баспаналы болды
Мұнайлы өңірде пәтер кезегінде тұрған 132 отбасы қоныс тойын тойлайтын болды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Бүгін Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин халықтың осал топтарына, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы аналарға Нұрсая шағынауданындағы «Латифа» тұрғын үй кешенінен 38 пәтердің кілтін табыс етті. Ал, қалған тұрғындарға басқа тұрғын үй кешендерінен ұсынбақ. Жыл соңына дейін қалалақ әкімдік тағы 100 жаңа баспана сатып алып, тапсыруды жоспарлап отыр.
–Сіздерді көптен күткен қуаныштарыңызбен облыс әкімі Серік Шәпкеновтың атынан шын жүректен құттықтаймын. Қазір облыс орталығында 21 мыңның үстінде тұрғын пәтер кезегінде тұр. Олардың барлығын бір күнде қамту мүмкін емес. Ал, «Латифа» тұрғын үй кешенінен алынған пәтерлер облыс әкімі Серік Жамбылұлының тікелей қолдауымен жүзеге асты, — деген Шәкір Кейкин бұл жолы көпбалалы аналар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қамтылғанын атап өтті.
Үш бөлмелі пәтер кілтіне ие болған көпбалалы әке Жансерік Даргужин пәтер кезегінде 2015 жылдан бері тұрып келеді екен. Оның үстіне, бір баласының мүмкіндігі шектеулі. «Өзіміз Индер ауданы, Өрлік ауылының туып өскенмен, Атырау қаласында пәтер жалдап келгенбіз. Вахталық әдіспен Қарабатанда жұмыс істеймін. Көптен күткен арманымыздың орындалғанына сене алмай тұрмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Барлығына ризашылығымды білдіремін»,-дейді ол.
Баспана кезегіне он бір жыл бұрын тіркелген Әсемгүл Рысмағамбетованың бір баласының денсаулығында кінәрат бар. Күні бүгінге дейін көпбалалы отбасы ағайын-туыстарының үйін паналап келген. Енді олар қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған жаңа әрі жайлы пәтерге ие болды. «Өз баспанамыз болғанға не жетсін? Бұл арманымыз да балаларымыздың несібесі ғой»,-дейді ол қуаныштан көз жасын жасыра алмай.
«Латифа» тұрғын үй кешенінің құрылтайшысы Нұрлан Нұрмұхановтың айтуынша, үйдің діңгегі монолиттен құйылып, газоблокпен толтырылған. Қасбеті кірпішпен әсемделген.
–Бұл үй толықтай жеке қаражатымызға салынды. Өйткені, бізде үлескерлерден қаржы алуға рұқсат болмады. Құрылысты толық аяқтап, пайдалануға бергеннен кейін қалалық әкімдіктің көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға пәтер алу үшін тендер жариялағанын көріп, конкурсқа қатыстық. Ашық тендерден 42 пәтерге тапсырысты ұтып алдық. Мұнда бір бөлмелі пәтер – 40 шаршы метр, екі бөлмелі – 60 шаршы метр, үш бөлмелі – 80 шаршы метр. Жалпы, пәтерлерге қажетті санитарлық тораптар Ресейден алынды. Төрт камфорлы газ плитасы бар. Еденге ламинат төселген. Бір ерекшелігі, әрбір пәтер автономды жылу жүйесімен жабдықталған. Бұл бір жағынан сыртқы инженерлік жүйенің шамадан тыс жүктемесін азайтуға септігін тигізсе, екінішіден, әрбір тұрғын өз пәтеріндегі жылуды өзі қалаған уақытында қосып, ажыратуға ыңғайлы,-дейді «Латифа» тұрғын үй кешенінің құрылтайшысы, «Нұр Атырау құрылыс» ЖШС директоры Нұрлан Нұрмұханов.
Айбөпе САБЫРОВА,
Сурет автордікі.