Атырауда келесі жылдан бастап смарт карта жасату бағасы өседі
Бұл туралы AtyrauPress сайтының тілшісіне «Smart Qala» ЖШС-нің директоры Ләззат Досмағамбетова мәлім етті.
Қазір мұнайлы өлкеде смарт карта жасату 500 теңге. Бұл 2018 жылдан бері қалыптасқан тұрақты баға. Ал жаңа жылдан бастап 300 теңгеге қымбаттамақ.
«Енді 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап смарт карталардың бағасы 800 теңге болады. Мысал үшін айта кетейін, Астана мен Алматы қалаларында жол жүру карталары 1000-2000 теңгеден сатылып жатыр. Біз бес жыл бойы бағаны өсірмеуге тырыстық. Карта жасауға қажетті материалдың қымбаттауына байланысты бағаны көтеруге мәжбүр болып отырмыз», — деді Ләззат Досмағамбетова.
Бүгінгі күнге дейін ардагерлер, I және II топ мүгедектері, зағиптар мен құлағы естімейтін азаматтар үшін жол жүру картасы бес жыл бойы тегін шығарылып, толық қамтылды.
«Smart Qala» ЖШС-нің директоры Ләззат Досмағамбетованың айтуынша, егер бір жыл ішінде төлем картасы жасалған болса, оны қайта рәсімдеуге 1500 теңге төленеді. Тек жеке басын растайтын құжат болуы тиіс.
Қоғамдық көліктерде I және II топ мүгедектері тегін жүреді. Ал III топ — жол ақысының жартысын төлейді. Қазір автобустардағы жол билетінің құны — 80 теңге.
Айта кетейік, «Smart Atyrau» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұсынған статистикаға сәйкес, тұрғындардың 90% картаны, ал 10% қолма-қол ақшаны пайдаланады.
Атыраулықтар «Smart Qala» картасын М.Төлебаев көшесі 44 А мекенжайына барып, жасата алады.
Эльмира Мықтыбаева