Атырауда карантин талаптарын орындамаған кəсіпкерлер əкімшілік қамауға алынды
Atr.kz/30 наурыз, 2020 жыл. Бұл туралы облыстық прокуратураның ресми өкілі Қанат Қабдолов мəлім етті.
Ведомство мəліметінше, төтенше жағдай жарияланған сəттен бастап атыраулық құқық қорғаушылар 38 тұлғаны жауаптылыққа тартқан. Ал, оның бесеуі əкімшілік қамауға алынды. Нақтырақ айтсақ, «Ханшайым» жəне «Нəрлі» мейрамханасы, «Аманжан» кафесі, «Finbet» букмекерлік кеңсесі жəне «Ямото» суши-барының карантин талаптарын бұзғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, тұрғынның əлеуметтік желіде таратқан «коронавирус ауруымен ауырады» деген көрінеу жалған ақпараты да (ҚК 274-б.) тексерілетін болады. Ал, жеке жəне отбасылық құпияны құрайтын мəліметті тарату дерегі (ҚК 147-б.) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесі жүріп жатыр.
«Бүгіннен бастап облыс аумағында карантин жарияланды. Осыған орай, карантинді сақтамау індеттің əрі қарай таралуына ықпал ететінін ескеру керек. Тұрғындар назарын режимнің беліленген талаптарын міндетті түрде ұстануға аударамыз» деп ескерткен ресми мəліметте.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА