
Атырауда ірі компаниялардың IT мамандары студенттерге дәріс оқуда
Атырау қаласындағы университет студенттерімен ірі мұнай компанияларының қызметкерлері ақпараттық технологиялар саласындағы тәжірибе және білімдерімен бөлісуде.

Білім беру бастамалары аясында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде цифрландыруға арналған дәрістер мен мастер-кластар басталды. Спикерлер ТШО компаниясының Ақпараттық технологиялар бөлімінің мамандары қатысуда.
ТШО Ақпараттық технологиялар бөлімінің жетекші маманы Айгүл Ғаббасованың айтуынша, студенттер мұндай дәрістерге үлкен қызығушылық танытуда, аудитория жылдан-жылға кеңейіп келеді және олардың көбі болашақта IT саласының жоғары білікті мамандары бола алады.
«Біз цифрлық жобаларды жүргізу мен бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу әдістемесін үш жылдан астам уақыт бойы қолданып келеміз. Дәрістер барысында жобаларды іске асыруда қолданылатын әлемдік цифрлық шешімдер туралы айтудамыз. Бұл дәрістер ерікті түрде өткізіледі, мақсатымыз – жергілікті университеттерді қолдап, студенттердің салаға деген қызығушылығын арттыру», — деді Айгүл Ғаббасова.
Дәрістер С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткізілуде. Бұл шаралардың мақсаты – студенттерді IT саласындағы нақты міндеттермен және процестермен таныстыру, халықаралық компанияларда табысты мансап құру үшін қажет дағдылар мен білімдерді анықтауға көмектесу.
Компания өз білімдері мен тәжірибелерімен бөлісуге дайын еріктілер мен сарапшыларды студенттерге қолдау көрсетуге шақыруда. Бұл жастардың көзқарасын кеңейтіп, қазіргі заманғы IT индустриясының талаптарына сай болуға дайындайды.
Студенттер бұл дәрістердің маңыздылығын жоғары бағалайды. Ақпараттық технологиялар факультетінің үшінші курс студенті Әлихан Күлшиевтің айтуынша, дәріс өте пайдалы әрі танымдық бағытта да мәні зор.
«Біздің факультет студенттері үшін ақпараттық технологияларды дамытудың заманауи әдістері әрқашан қызықты. Жаңа білім мен тәжірибе алу мен үшін маңызды. Коммуникация және кейбір жағдайларда икемділік туралы білімдер де өте пайдалы», — деді Әлихан Күлшиев.
ТШО-ның осындай білім беру бастамалары өңірдегі ірі компаниялар мен академиялық қауымдастық арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстандағы ақпараттық технологиялар саласында білікті кадрларды даярлауға өз үлесін қосуда.