Атырауда интернет желісіне қатысты шағым көбейген
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен облыс аумағындағы елді мекендердің байланыс мәселесі бойынша жиын өтті.
Облыс әкімінің орынбасары облыста интернет желісіне қатысты наразылықтар туындап, қаладағы бірнеше шағынаудандардың тұрғындарынан шағым түсіп жатқандығын айтты.
Айта кету керек, Атырау облысында 153 елді мекен болса, интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету жобасына сәйкес 132 елді мекен интернет желісімен қамтылған. Интернетпен қамтылмаған 21 елді мекеннің басым бөлігінде тұрғындар саны 250-ден төмен. Яғни, халықтың 98,9 пайызы байланысқа қолжетілімділігі бар. Алайда, мобильдік интернетпен қамтылған елді мекендерде интернет сапасына қатысты шағымдар жиі түсуде. Атап айтқанда, Көкарна, Зарослый, Еркінқала-2, Жұлдыз-3 шағынаудандарында шағымдар саны артып отыр.
Жиналыста облыс әкімінің орынбасары тиісті мекемелер мен компанияларға осы мәселелердің себебін анықтап, мобильдік интернеттің сапасын жақсарту, тез арада шешу жолдары туралы ұсыныстарын енгізу қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, радиофобияға қатысты да түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, жиынға қатысқан облыстық қоғамдық кеңес мүшелері жауапты компанияларға жұмыстарын жандандырып, халықпен тығыз байланыс орнату қажеттігін қаперге берді.
Жиынға Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы, «Қазақтелеком» АҚ, «КаР-Тел» ЖШС, «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің өкілдері қатысты.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ