Атырауда “InDerKez Camp” күзгі волонтерлік лагері өтті
Облыста 16-35 жас аралығындағы жастардың қатысуымен “InDerKez Camp” атты екі күндік волонтерлік лагері өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты – өңірде волонтерлер корпусын жандандыру, жастардың белсенділігін арттыру және жас волонтерлердің жұмысын тиімді ұйымдастыру.
Жоба облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында “Жаныңдамын” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Лагерьге 100 волонтер қатысты, олардың көпшілігі мектеп оқушылары мен колледж студенттері болды. Қатысушыларды іріктеу әлеуметтік желіге жүктелген гугл-форматындағы өтінімдер арқылы жүзеге асқан еді, жалпы 108 адам өтінім тапсырған болатын.
Лагерьдің бірінші күні тренер Бағлан Қалдарбеков қатысушыларға “Нетворкинг, коммуникация әдістері” тақырыбында тренинг өткізді. Екінші күні волонтерлер “Волонтерлік негіздері” және “Жоба жазу және оны жүзеге асыру жолдары” тақырыптары бойынша тренингтерден өтіп, өз білімдерін жетілдірді. Бұл тренингтерді тәжірибелі мамандар Мейрамгүл Есниязова және Асқар Секербаев жүргізді.
Екі күндік іс-шараның соңында барлық қатысушыға арнайы сертификаттар табысталды. “InDerKez Camp” лагері жастардың волонтерлік қызметке деген қызығушылығын арттырып, олардың әлеуетін дамытуға үлкен үлес қосты.