Атырауда «Хансұлу» спектакль-перформансының тұсаукесері өтті
«Ақ боз үй» романының желісімен сахналанған үнсіз спектакль – қазақ тарихының тереңінен сыр шертеді.
Смағұл Елубайдың әйгілі «Ақ боз үй» романының негізінде сахналанған спектакль көрермендерге тарихи шындықты үнсіз жеткізеді. Спектакльде еліміздің тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі – 1930-33 жылдардағы ашаршылық және ұжымдастыру тақырыбы қозғалып, қазақ халқының қайғысы, шыдамдылығы мен рухы бейнеленген. Бұл перформанс жанрындағы қойылымды алғаш рет сахналаған жастар театрының 20 әртісі сахнада өз шеберлігін көрсетуде.
Режиссер Гаухар Адайдың айтуынша, басты кейіпкер Хансұлудың рөліне актрисаны таңдау ұзақ уақытқа созылған. «Біз спектакльдің мүлдем сөзсіз өтетінін ескере отырып, эмоцияны энергетикалық деңгейде жеткізе алатын актрисаны іздедік», — деп түсіндірді ол. Ұзақ ізденістің нәтижесінде, басты рөлге жарқын болмысымен ерекшеленген жас актриса Әйгерім Силықова таңдалды. Режиссерлердің айтуынша, Хансұлу бейнесін сомдайтын актриса үшін тек шеберлік жеткіліксіз – оның бойында өршіл рух пен ұлттық жан сезімі болуы қажет болған. Әйгерім осы талаптарға сай келетін, бақыты жан ретінде таңдалды.
Қойылымның көркемдік ерекшеліктеріне ерекше мән берілді. Костюмдер бойынша суретші Гүлдана Алина ашаршылық тақырыбына сәйкес келетін минимализмді ұстанып, қара, жасыл және қызыл түстердің символикасын пайдаланған. «Қара түс жарақаттарды, жасыл түс өсу мен өркендеуді, ал қызыл түс жеңісті бейнелейді», — дейді Гүлдана Алина. Осылайша, сахнадағы әрбір түс көрермендерге әртүрлі эмоциялар мен астарлы мағыналар жеткізіп, тарихтың қиын кезеңдерін сезіндіреді.
Перформанс барысында сөз қолданылмауы – спектакльдің ерекше шешімі. Бұл қойылым үнсіз өту арқылы көрермендерді сол уақыттың ауыртпалығын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді. Әрбір қимыл мен мимика арқылы жеткізілген эмоция 1930-33 жылдардағы қазақ халқының ұжымдастыру кезінде көрген қиындықтарын, өмір үшін күресін және махаббат пен шыдамдылығын паш етеді. Көрермендер тек көзбен емес, жан-тәнімен сезіне отырып, сол заманды тереңірек түсінеді.
«Хансұлу» перформансы тарихтың бір кезеңін ғана емес, бүкіл халықтың рухын көрсетеді. Кедей қазақ жастары мен бай адамның қызы Хансұлу тағдыры арқылы махаббат пен өмір үшін күрес жолдары көрсетілген бұл спектакль қазіргі қоғам үшін де маңызды.
Жайна МӘЛІМҚОЖА