АТЫРАУДА ФАРМАЦЕВТИКА ЗАУЫТЫ САЛЫНАДЫ
— Бұл зауыттың құрылысы Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының екінші бесжылдық стратегиясын іске асыруда және әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруі үшін жасалынған маңызды қадам, — деді аймақ басшысы. — Аталған іс-шара елімізге озық өндірістік технологияларды тартуға бағытталған экономикалық саясаттың басымдықтарымен тікелей байланысты. Фармацевтика саласы да сол басым бағыттардың бірінен саналады.
Қазіргі таңда облыста Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 1,6 триллион теңгені құрайтын, іске қосылған мезгілде бес мыңға тарта жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 40-тан астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ендеше, бүгін өздеріңіз басталу сәтінің куәсі болып отырған дәрі-дәрмек өнімдерін шығаратын зауыт та сондай жобалардың бірі де, бірегейі деп есептеймін. Осы тұрғыда әлем нарығында өзіндік орны бар «САВА Хелскейр» тәрізді беделді компаниямен бірлесіп оны іске асырып, игілікке жарату біздер үшін аса маңызды оқиға, зор мүмкіндік, мәртебелі миссия екендігі даусыз.
Зауыттың жобалық құны 3,7 млрд. теңгені құраса, атыраулық «Медицина» АҚ, «Атырау» ӘӘК, «САВА Хелскейр», «Лайрлайн Фде» және «ALIM COM» компаниялары жобаның қатысушылары, бас жобалаушысы «Атыраустройпроект» ЖШС болып табылады. Жобада қарастырылғанындай, кәсіпорын толық қуатына енгенде мұнда 180 адам жұмысқа тартылып, жылына 800 мың дана таблетка, 300 мың дана капсула түріндегі дәрі, 38 млн. дана шприц (ине), 3 млн. құтыдағы май, т.б. барлығы 50-ден астам фармацевтикалық өнім түрлері шығарылады. Қажетті шикізаттар негізінен Үндістан, Қытай елдерінен әкелінеді. Экологиялық таза әрі сапалы өнім дайындалатын кәсіпорындағы жұмыс процестері қалдықсыз технологияларға негізделген. Осылайша, қандайма өндірісте де ең көп пайдаланылатын су десек, оның да көлемін 126 мың текше метрге дейін үнемдеуге болады.
Облыс әкімінен соң сөз кезегін үнділік «САВА Хелскейр» компаниясы бас директорының орынбасары Авинаш Динкар Кулкарни, «Медицина» АҚ бас директоры Забира Дәулетжанова және басқалары еншіледі. Олар да қолға алынып отырған ғаламат жобаның сәтті жүзеге асуына тілеулестіктерін білдіріп, жоспарланған мерзімінде аяқталып, игілікке берілуіне атсалысатындықтарын, өздеріне жүктелген жауапкершілік жүгін терең сезінетіндіктерін жеткізді. Сөйтіп, аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы бастап, жобаға қатысушы тараптар арасында жасалған, болашақ ұрпаққа жолдау (кейіннен капсулаға салынатын) мәтініне қол қойылып, уағдаластықтарын бекітті. Содан соң олар Атыраудағы ғана емес, елімізде алғашқылардың қатарында бой көтермекші, теңдесі жоқ фармацевтика зауытының іргетасын қалап, құрылыстың басталғандығына пәрмен берді.
Айтпақшы, жаңа өндіріс орнының отау тіккен орны «Атырау-Орал» тас жолының бесінші шақырымының тұсы болса, жобаның бірінші кезегінің пайдалануға берілу мерзімі 2015 жылдың үшінші тоқсанына белгіленген.
Дәулетқали АРУЕВ.