Атырауда есірткіге қарсы күрес форумы өтті
М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында «Есірткіге жол жоқ!» атты ауқымды жастар форумы өтті. Іс-шараға 500-ден астам қатысушы, соның ішінде оқушылар, студенттер, құқық қорғау органдарының өкілдері мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Форумға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов арнайы қатысып, жастарға есірткіге қарсы күрестегі белсенділіктің маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар, онлайн формат арқылы облыстың 30 мыңнан астам жоғары сынып оқушылары іс-шараны тікелей эфирде тамашалады.
Форумның негізгі мақсаты – жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру, нашақорлықтың салдары туралы ақпарат беру және салауатты өмір салтын насихаттау болды. Панелдік және пленарлық сессия форматында өткен іс-шарада сарапшылар, қоғам белсенділері мен мемлекеттік қызметкерлер өз ойларымен бөлісті.
«Хақ-Назар» қоғамдық қорының төрағасы Нұржан Жакупов азаматтық қоғамның есірткіге қарсы күрестегі рөлін атап өтсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының психикалық денсаулық мәселелері жөніндегі Елдік кеңсесінің консультанты Николай Негай тәуелділікті “ми ауруы” ретінде қарастырып, оны емдеудің ғылыми тәсілдерін талқылады. Ал блогер және тәуелділік бойынша кеңесші Валерий Канапиан өзінің өмірлік тәжірибесі арқылы тәуелділіктің адам психологиясына әсері жайында баяндады. «Жаңа уақыт» қоғамдық қорының төрайымы Назымгүл Қайсағалиева студенттер мен ата-аналар арасында нашақорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді. Кәсіпкер, қоғам белсендісі Арыстан-Баб Құрмаш жастар арасында есірткі тасымалының көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, оны тоқтату жолдарын ұсынса, қалалық мәслихат депутаты Ануарбек Батаев есірткіге қарсы күресте көшбасшы жастардың рөлін ерекше атап өтті.
Форумның пленарлық сессиясында «Нашақорлық пен қылмыстың алдын алу: өңірлік бағдарламалардың тиімділігі» тақырыбы талқыланды. Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы генерал-майор Нұрхат Оразбаев құқық қорғау органдарының есірткімен күресте атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, жастарға ерекше үндеу жасады. «Ел болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілі. Қоғамды зиянды әдеттерден қорғау – әрбір азаматтың, әсіресе жастардың, саналы түрде таңдауы мен жауапкершілігіне байланысты. Ұлы Абайдың “Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға” деген сөзіндей, өмірлік жолдарыңызда дұрыс қадам жасап, тәртіпке бағынған кезде ғана болашақтарыңыз жарқын болады», – деді ол.
Іс-шара барысында қатысушылар үшін қызметтік автокөліктер, қару-жарақ түрлері мен кинологиялық қызметтің арнайы көрмесі ұйымдастырылды. Бұл шара жастарға құқық қорғау саласының жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
«Есірткіге жол жоқ» форумы қоғам назарын нашақорлық мәселесіне аударып, жастарды зиянды әдеттерден қорғау жолында маңызды платформаға айналды. Спикерлер мен сарапшылар бұл күресте қоғамның барлық буынының белсенді түрде жұмылуы қажет екенін атап өтті. Іс-шараның нәтижесінде жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында бірқатар нақты ұсыныстар айтылды.
Жайна МӘЛІМҚОЖА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ