Атырауда ел Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық штабы құрылды
Аtr.kz/7 мамыр, 2019 жыл. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облыстық қоғамдық штабы құрылды.
Осыған орай, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз брифингі өтті. – «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде Қазақстан Республикасы Президенттігіне ұсынылған үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Орталық Сайлау Комиссиясы ресми түрде тіркеуден өткізді. Осыған байланысты, кандидатты қолдау жөнінде республикалық қоғамдық штаб құрылған болатын.
Осындай штабтар бір мезгілде барлық өңірлерде, соның ішінде біздің облыста Атырау қаласы мен аудандарда құрылып отыр. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заң талаптарына сай, бұл штабтар өзінің жұмысына сайлау өтетін күнге бір ай мерзім қалғанда, яғни, мамыр айының 11-інде, жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-ден бастап кіріседі,-деп мәлімдеді брифингте «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев.
Сол сәттен бастап Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттарға қатысты тиісті үгіт-насихат жұмыстары басталып, бұл науқан сайлаудың өтуіне екі күн қалғанда тоқтатылады. Облыс бойынша «Nur Otan» партиясының 8 филиалы және 137 бастауыш ұйымы, олардың құрамында 31 мыңнан астам мүшесі бар.
Ал, Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау мақсатында құрылған облыстық, қалалық және аудандық штабтардың құрамына 200-ге жуық партия белсендісі, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері тартылған. Үгіт-насихат шаралары Орталық Сайлау Комиссиясы бекіткен жоспар-кесте негізінде жүзеге асырылады. Облыстық штабтың құрамына 73 белсенді алынып отыр.
Дәулетқали АРУЕВ
Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Тоқаев сайлауда жеңіске жетсін. Еліміз дамып, гүлденсін.