Атырауда екі жасар қыз күрделі дерттен айықты
Atr.kz/23 қазан, 2019 жыл. Атыраулық дәрігерлер ішек жолы микробымен инфекцияланған қыз баланы емдеп жазды.
2 жасар қыз бала қазан айының басында «Нұрсая» ықшам ауданындағы жұқпалы аулулар ауруханасына түседі. Шағымы: ішінің өтуі, әлсіздік, зәр шығаруының тоқтауы, бетінің және аяқтарының ісінуі. Дәрігерлер дереу аурудың түрін анықтап, тиісті ем-дом тағайындайды.
Оның ішінде, баланың құрсақ қуысына инфузия да жасалды. Алайда, бұл шаралар да тиісті нәтиже бермеді. Бір аптадан соң, бүлдіршін жолдама арқылы Атырау облыстық балалар ауруханасына жеткізіледі.
— 2 жасар қызға үйінде амбулаториялық ем тағайындалған, бірақ, одан шипа болмаған, — дейді, облыстық балалар ауруханасының педиатрия бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Ильясова. — Науқастағы диагноз диарея, жедел бастамалы қысқа кезеңді абдоминальды ауырсыну, жиі жағдайда құсу, әлсіздік, бас ауру, қызбамен қатар жүреді.
Бұл — өте күрделі ауру. Бұрын-соңды, біз мұндай диагнозы бар науқастарды Нұр-Сұлтан қаласына жіберетінбіз. Осы жолы алғаш рет дәрігерлеріміз өздері ем-дом жасап, баланың бетін бері қаратты. Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы, үйіне өте жақсы жағдайда шығарылды.
Дереккөз: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі