Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда егін науқаны қалай жүруде?

Биыл жоспар бойынша облыста жалпы ауданы 10 800 гектар жерге егін салынуға тиіс болатын. Алайда, көктемгі тасқынның салдарынан осы алқаптың тең жартысынан астамы, яғни 5 560 гектары су астында қалды. Сөйтіп, егінмен қамтылған жер көлемі 5 240 гектарды құрады. Оның 2 881 гектарына малазықтық дақылдар, 1 582 гектарына көкөніс, 937 гектарына бақша және 600 гектарына картоп егілді. Күні бүгінге егіндіктің (негізінен көкөніс пен бақша) тең жартысы игерілген.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Азат Қапановтың айтуынша, өңір диқандары бар егіннің өзінен берекелі де сапалы өнім жиюды мақсат тұтқан. Егіннен 120 мың тонна өнім жинау межеленсе, қазір игерілген 1 670 гектар жерден 38 мың тонна өнім алынды.

–Сала бойынша егіншікке шаруа қожалықтарынан 600 адам мен 450 бірлік техника жұмылдырылды. Алдағы қысқа қажетті ірі сабақты мал азығының көлемі 605 мың тоннаны құрайды. Мұның ішінде былтырдан қалған 52 мың тоннаны есепке алғанда, нақты дайындалуға тиістісі 553 мың тоннаға тең. Күні бүгінге әзірленгені – 424 мың тонна. Бұл жоспардың 70 пайызын құрап отыр, — дейді салалық басқарманың өкілі.

Егін биылғы төтенше жағдайға байланысты жылдағыдан гөрі айтарлықтай кеш салынғанымен, барын баптап, күтімін келістірген шаруагерлер өнім ысырабына жол бермей, меже биігінен көріну қамында.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button