Атырауда да «қызыл» төлқұжатты қимайтындар бар

perenesti vizu v zagranpasport1 Жаңалықтар

Atr.kz/20 қазан, 2020 жыл. Бұл туралы Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюро директорының орынбасары Денис Дживага онлайн брифинг барысында айтты.

-Адам құқықтары жөніндегі бюро мен «Сана-сезім» ұйымы секілді серіктестермен бірлесе 2014 жылы осы науқан басталғаннан бері азаматтығы белгісіз 6 мыңға жуық адамды анықтадық. Олардың арасында КСРО-ның қызыл төлқұжатымен жүргендер бар. Анықталған адамдардың 60 пайызы – Қазақстанның азаматтары. Олар өздерінің Қазақстан азаматтары екенін растайды, – деді ол.

Оның айтуынша, азаматтығы мен құжаты жоқ адамдар – «көрінбейтін» жандар. Яғни, олар туралы мемлекет те хабарсыз. Бұл ұлттық қауіпсіздік жағынан да маңызды болып отыр. Ол адамдардың құжаты болмаған соң барлық қызметті құжаттандырылғандар сияқты ала алмайды. Олар балаларын оқытып, ресми жұмыс жасай алмайды. Сол үшін де олар кеден және өзге салықтарды өтей алмай жатады.

Осы орайда кеңес кезеңінен бері құжаттандырылмаған немесе ешқандай құжаты жоқ азаматтарды анықтап, оларды құжаттандыру бойынша науқанның өтіп жатқанын ҚР ІІМ Көші-қон полициясы комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Сабыржан Сейтжанов айтты.

-Науқанның басталғанына екі апта болды. Жыл соңына дейін Ішкі істер министрлігі бұрынғы КСРО төлқұжатымен жүрген адамдардың мәртебесін реттеп құжаттандыруды қолға алды, – деп түйіндеді министрлік өкілі.

Атырау облысында да КСРО паспортымен жүрген 3 адам, басқа құжаттармен – 3 адам, азаматтығы жоқ деп танылған – 6 адам анықталған. Атырау облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Руслан Әділовтың мәлімдеуінше, ҚР Президент Жарлығымен ҚР-ның азаматтығынан шығуына байланысты азаматтығы жоқ деп танылған бір тұлға құжаттандырылды.

Мамандардың айтуынша, адамдардың ескі құжатпен жүруінің негізгі себебі – құқықтық сауаттылықтың төмендігі. Көбі қайда баруды, анықтамаларды қайдан алуды, қалай өтініш жазуды білмейді. Ал құжаттарды қалпына келтіру үшін шамамен 6 ай уақыт қажет.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз