Атырауда бес жыл үзілістен кейін Өзен порты жұмысын қайта бастады
Аtr.kz/3 маусым, 2020 жыл. Бұл өңір экономикасындағы ерекше оқиға болып отыр. Бұдан бұрын Атырау өзен портының жұмысы тоқтаған болатын. Оған басты себеп – Жайық- Каспий каналының түбін тереңдету жұмысының жүргізілмеуі.
– Бұл порт бұрынғы Гурьев қаласында 1926 жылы ашылған еді. Содан бері бір ғасырға жуық кемемен жүк тасымалданып келді. Ал, 2010 жылы портқа қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп, жыл сайынғы жүк қабылдау қуатын 15 мың тоннаға жеткізген едік. Алайда, бес жыл бұрын қызметімізді тоқтатуға мәжбүр болдық. Өйткені, Жайық-Каспий каналымен жүк тасымалдау қиындады. Канал жолы бітеліп, тереңдету жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туды, — деді Атырау өзен портының директоры Азамат Зұлхарнаев.
Оның айтуынша, портқа су жолымен соңғы рет 2015 жылы жүк келген. Сол кезде шетелдік мұнай және осы саладағы сервистік компанияларының тапсырысымен жеткізілген зат қабылданған. Содан кейін Атырауға су жолымен келетін жүктер Маңғыстаудағы Баутин портына жеткізілген. Енді міне, Атырау өзен портына бес жылдан кейін ірі габаритті жүк жеткізілді. Бұл – газ- химия кешені үшін Оңтүстік Кореяда құрастырылған пропан сақтайтын резервуарлар. «Біз газ-химия кешенінің құрылысына қажетті резервуарларды қабылдап алдық. Оның салмағы –532 тонна. Ірі габаритті жүкті екі баржамен жеткізді. Жақында тағы осындай үш баржамен келетін ауыр жүкті күтіп отырмыз» деді өзен портының қызметкері Руслан Асанов.
Өзен портының директоры Азамат Зұлхарнаевтың баяндауынша, енді мұнда алыс және жақын шетелдерден тауардың кез келген түрі тиелген су көліктерін қабылдауға толық мүмкіндік бар.
Өз тілшіміз