Атырауда белгілі музыкант ұлығыланды (+ФОТО)
Atr.kz/28 қараша, 2019 жыл. Атырауда белгілі композитор, музыкант, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Роальд Топчевскийдің 80 жылдық мерейтойы мен шығармашылық және ұстаздық қызметінің 55 жылдығы аталып өтті.
Мәдениет қайраткерлері, оның шығармашылығын сүйетіндер, жалпы, музыканы түсіне білетін адамдар келіп, мерейтой иесін құттықтады. Роальд Борисович Топчевскийдің есімі облыстың музыка тарихымен ажырамас байланыста. Оның шығармалары біздің өңіріміздегі музыканттардың бірнеше буынын қанаттандырып, шәкірттері кәсіби табыс биігінен көрініп жүр. Композитор, музыкант, педагог ретінде Роальд Борисович көптің құрметіне ие болып отыр.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, танымал мәдениет қайраткеріне жылы лебізін білдіре отырып, бүгінгі кеш оның таланты танылғанының куәсі екенін атап өтті.
— Қазақтың ұлы ойшылы Абай «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген екен. Қай-қайсымыздың да музыканың ғажайып әлемімен кездесетін сәттеріміз болады. Ән арқылы сезімімізді білдіреміз. Ал, осындай айрықша атмосфераны бізге сыйлайтын адамдар – музыканттар.
Бүгін осы саланың шеберлері жиналды. Бүгінгі кеш мерейтой иесі Роальд Борисовичтің құрметіне ұйымдастырылып отыр. Сұлулық туындауы үшін сөз, әуен, орындаушы және тыңдаушы керек деген өзіңіздің сөзіңіз еске түседі. Мына ду қол шапалақтауды ести отырып, сіздің арманыңыз орындалды деп ойлаймын, — деді Нұрлан Ноғаев.
— Бүгінгі кеште талантты музыканттардың орындауында тамаша музыканың сиқыры көрермендерді баулыды. Осы аз ғана уақытта Роальд Борисовичтің жанрлық, тақырыптық диапазоны өте кең екеніне көз жеткізіп үлгердік. Осы жақсы кешке келіп қатысқандарға, мерейтой иесінің достары мен талантына табынушыларға ризашылығымды білдіремін.
Роальд Топчевскийдің шығармашылық мұрасы өте бай. Ол өмірді, сұлулықты, махаббатты, туған өңірін жырлайтын ондаған вокалды-хорлық туындылардың авторы: «Наш Гурьев», «Урал», «Родная песня», «Налево степь, направо степь», тағы басқалары.
Композитордың сүйікті жанры – ән. «Урал», «Наш Гурьев», «Две реки», «Седой Урал», «Две сторонки-соседушки» әндерін басқа өңірлерде де біледі. «Песня об Атырау», «Просто так», «В небе тают облака», «Марш нефтяников» сияқты хор шығармалары да жұртқа танымал.
Дереккөз: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі